$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда Президенттік кадрлік резервке 45 адам өтініш берді

Елдің мемлекеттік сектор резерві қатарына 50 адам қабылданады деп жоспарлануда.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Қазақстанда 1 қыркүйекте Президент жанындағы жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталды. Елдің мемлекеттік сектор резерві қатарына 50 адам қабылданады деп жоспарлануда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері басқармасы басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан кандидаттардың қандай талаптарға сай болуы керек екенін айтты.

Шынарай Əлімхан Президенттік кадрлық резервке үміткерлер Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек екенін айтты.

«Байқауға жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді мен жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес азаматтар жіберіледі. Қазіргі іріктеудегі жаңашылдығы – үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растауы қажет. Ол ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы тиіс», - деді Департамент өкілі.

Ш. Əлімхан кандидаттардың мемлекеттік тілде мәтін құруы, өз пікірін дәлелді түрде жеткізуі және қарапайым диалог жүргізе алуы керектігін түсіндірді.

Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі тек қажетті білімді, дағды мен қабілетті ғана емес, сонымен қатар үміткерлердің шынайы мотивтері мен олардың ниеттерін бағалайтын болады.

«Мемлекеттік сектор үшін ең алдымен қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды табу маңызды. Сондықтан барлық үміткерлер іріктеу кезінде ситуациялық тапсырмалар мен мінез-құлық бойынша сұхбат береді», - деді ол.

Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған адамдар іріктеуге қатыса алмайды.

Іріктеуден өткендер «А» корпусының саяси әкімшілік лауазымдарына және жетекші - «Б» корпусына тағайындалады. Резервте болу мерзімі – 3 жыл.

Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілі Президенттік резервке тіркелу резервте болу кезеңінде лауазымдарға міндетті түрде тағайындалудың шарты болып табылмайтынын атап өтті. Тағайындау резервтегі адамдардың және қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа адамдардың арасынан да жүргізілуі мүмкін.

«Алғашқы кезеңде құжаттар мамандандырылған онлайн-платформада бір ай ішінде қабылданады. Екінші кезеңде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Ал үшінші кезеңде ситуациялық тапсырмалар беріледі», - деді спикер.

Болашақтағы, төртінші кезеңде құзыреттілік екі блоктан бағаланады: бағалау орталығы және құзыреттілік бойынша сұхбат. Бесінші кезеңде үміткерлер сараптамалық комиссиядан сұхбаттан өтеді. Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған комиссия алдыңғы іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке сұхбат жүргізеді.

«Сұхбаттасу нәтижелері бойынша Сараптамалық комиссия резервке жазылуға ұсынылған кандидаттардың тізімін жасайды, ол Ұлттық комиссияның қарауына жіберіледі. Іріктеудің соңғы кезеңінде үміткерлерді кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссия қарайды», - деді Ш. Əлімхан.

Президенттік резервке іріктеу туралы толық ақпаратты pkrezerv.gov.kz сайтынан білуге болады.

Айта кетерлігі, іріктеудің басталғанына 9 күн өтті, ал бүгінгі күнгі мәлмет бойынша 7 қыркүйекте Алматы қаласы бойынша 45 үміткер тіркелді, ал республика бойынша үміткерлер саны - 281.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары