Маңғыстау облысының шаруалары қуаңшылықтан тірі қалған малын сақтап қалу үшін жанталасып жатыр деп хабарлайды «Евразия» телеарнасы.
Өңірде жағдай шын мәнінде аса қиын. Тірі қалған малға жем-шөп жоқ, су проблемасы әлі де сақталуда. Үкімет бөлген 2 млрд теңге түкке жетпеді дейді шаруалар. Қаражаттың жартысы бүгінде игерілген. Бірақ, нақты көмек болмай жатыр дейді олар.
Жергілікті тұрғын Сағат Қосовтың айтуынша, жұттан тірі қалған малдың өзі өлудің алдында тұр. Әбден әлсіреп, орнынан да тұра алмайды екен. Ал, Үкіметтің «облыста 1 мыңнан астам мал қырылды» деген статистикасы өтірік дейді ол. Бүгінде иен далада арам қатқан жылқылардың өлекслері әлі жатыр.
«Олар оттай береді. Кемі 5-6 мың мал қырылды», - дейді Сағат Қосов.
Ал, Нұрболат Темірбаев болса кешегі жазда 27 бас жылқысынан айырылған. Күн қатты ысыған кезде оның жинаған шөбі түгел өртеніп кетіпті. Сатып алайын десе баға ұшып тұр.
«Үкіметтен алған ақшама небәрі 150 қап жем алдым. Күніге 2 қабын беремін малға. Ай соңына дейін не боларын білмеймін. Қауын-қарбыз беретін шығармын», - дейді ол.
Шаруалар жаздан аман шыққан мал алдағы қыста түгел қырылып қала ма деп қорқады. Өйткені денесінде майы жоқ, өздігімен астауға барып су іше алмайтын жылқылар қар түскенде үсіп өлуі де ғажап емес.