$ 492.65  525.71  5.03

«Тірідей айырылғандықтан іштей тынамын» - Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы

2014 жылдың наурызында Қытайда есірткімен ұсталған бойжеткеннің анасы Зухра Сейтімова осы аралықта қызымен үш-ақ рет кездескен.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Есірткі тасымалдады деген айыппен Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбай өзі секілді жандарға ағылшын мен қытай тілдерін үйретіп жүр. Бұл туралы Express Qazaqstan тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Ақжарқынның анасы айтты.

Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы Түркістан облысы, Жетісай ауданында тұрады. 2014 жылдың наурызында Қытайда есірткімен ұсталған бойжеткеннің анасы Зухра Сейтімова осы аралықта қызымен үш-ақ рет кездескен. Соңғы рет екі ай бұрын телефонмен сөйлесіпті.

Аспан асты еліндегі заң бойынша түрмеде жазасын өтеп отырған шетел азаматтары туыстарымен тек қытай немесе ағылшын тілінде сөйлесе алады.

«Қызыммен осыдан екі ай бұрын сөйлестім. Оның өзінде консул арқылы, ағылшын тілінде сөйледі, арғы жақта аударма жасады. Мен тек дауысын естідім. Бар айтатыны: «Анашым, уайымдамаңыз, менде бәрі жақсы. Сіздің жылағаныңызды естісем, жүрегім ауырады, қатты уайымдаймын. Менде бәрі жақсы». Ақжарқынның осы сөзі үшін өзімді ұстауға тырысамын. Бірақ, жыламау мүмкін емес. Былтыр консул арқылы хат жолдапты. Онда «Мама, барлықтарыңызды сағындым. Сіздің тағамдарыңызды сағындым. Есіңізде ме, менің туған күніме торт дайындап едіңіз ғой. Әлемдегі ең тәтті торт сол болатын» деп жазылған», — деді Зухра Сейтімова.

Қытай абақтысында отырған қазақ қызының анасы онымен соңғы рет 2019 жылдың сәуірінде Қытайда өткен сот отырысында екі-ақ минут сөйлескенін айтты.

«Әкесіне қиын. Әлі көрген жоқ. Қатты қиналып жүр. Бауырлары да қатты сағынады. Кенже ұлым Ақжарқын ұсталғанда әлі жасына да толмаған еді. Қазір сегіз жастан асты. Үйде Ақжарқынды үнемі айтып отырамыз. Әпкесі барын біледі, кейде егіліп жылағанымда кенжем «Ақжарқынды сағындыңыз ба? Мен де сағындым. Хабарласайықшы, сөйлесейікші, ертерек келсін деп айтайықшы» дейді. Бала ғой, сол кезде айтарға сөз таппай қынжыламын», — деген Зухра Сейтімова бүгінде Ақжарқын өзі секілді жазасын өтеушілерге ағылшын және қытай тілін үйретіп жүргенін жеткізді.

Үйдің үлкені Ақжарқын Тұрлыбай ата мен әженің қолында өскен. Немерелерінің бүгінгі жағдайы бәрінен де қарияларға қатты соғып отыр екен. 80-ге таяп қалған олар көзіміздің тірісінде Ақжарқын оралса екен деп тілейді.

«Ата-енем қатты жүдеп кетті. Екі күннің бірінде «Ақжарқыннан хабар бар ма?» деп сұрап отырады. Біз көп нәрсені жасыруға тырысамыз. Себебі жастары келген, ауыр тиеді. Әсіресе атасы Ақжарқынды айтқанда аяқ-қолы қалтырап, жүре де алмай қалады. Өлмей тұрып немереміз ортамызға оралса, арманымыз жоқ» деп күн сайын Алладан сұрап отырады. Тас түскен жеріне ауыр ғой», — деді анасы.

Зухра Сейтімованың айтуынша, 2015 жылы Қытай сотының үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқынның бұл үкімінің күші 2016 жылы жойылып, іс қайта қарауға жіберілген. 2019 жылы қазақ қызының Қытайдағы адвокаты инсульт алып, тіпті орнынан тұра алмағандықтан іс этникалық қазақ адвокатына өтіпті. Алайда сот үкімді сол күйінде қалдырған.

Ақжарқынның анасы енді екі жылдан кейін қайта шағым түсіруге болады екен деп отыр. Сол кезде үкім бұзылып, жаза белгілі бір мерзімге ауыстырылса, Ақжарқынды елге экстрадициялау мүмкіндігі туады екен.

Зухра Сейтімов қазақстандық адвокат Сұңқар Нұрмағамбетовпен үнемі байланыста екенін айтады. Алайда оның Қытайға бара алмайтынын жеткізді. Өзі "жақсы жаңалық болып қалар" деп, Сыртқы істер министрлігімен үнемі хабарласып отырамын дейді.

«Қызымызды елге экстрадицияласа, бірден біздің қолымызға бере салмасы анық. Себебі заң бар. Абақтыда отырса да өз елінде, өз Отанында болып, кездесуге барып тұруға мүмкіндік туатын еді» деген ол «қызымның жазықсыз екенін, ақталып, ортамызға оралатынын ана жүрегім сезеді» — дейді.

Кейде «Мама» деп сөйлеген дауысы құлағыма естіледі, үйде кіріп-шығып, бауырларымен шүйіркелесіп отырған сәттерін көз алдыма елестетемін, — деп сөзін жалғады Зухра Сейтімова.

Ақжарқынның анасы кейде өзгелердің «Қызы түрмеде отыр. Өзі дым болмағандай жүр» деп сыртынан айтатын әңгімелері жүрегіне қанжардай қадалады деп отыр.

«Қызым кінәсіз, әлдекімдердің арбауына түсіп, өмірінің тас-талқаны шығып отыр... Мұндайды тіпті дұшпаныма тілемес едім. Перзенттің күйігі деген жаман екен. Біреулер перзенттері қайтыс болып, қанша қабырғасы қайысса да, бір Аллаға тапсырып жатады ғой. Ал ең қиыны қызыңның тірі екенін біліп, бірақ қолыңның жетпегені. Тірідей айырылғандықтан іштей тынасың, Қызымның ол жақта не ішіп, не жеп жатқанын бір Аллаға ғана аян. Амалым жоқ, қайтемін енді?.. Сол қызымды Алматыға оқуға неліктен жібердім екен, осы Жетісайда-ақ оқи берсе болар еді ғой деп іштей өзімді жеймін», — деп көзіне жас алды анасы.

Зухра Сейтімова қызын қатты сағынғанын, Қытайға барып, қызыммен жүздессем деген арманы барын айтады. Бірақ нақты қашан барары белгісіз. Себебі карантин режимі болғандықтан бару мүмкін емес. Оның үстіне бұл отбасының материалдық жағдайы да мәз емес. Себебі Ақжарқынның адвокатының ақысын төлеу үшін ата-анасы үйін, көлік пен бүкіл дүниесін сатылымға қойған. Туған-туыстары мен жақындары, тіпті бейтаныс жанашырлар да көмек қолын созыпты. Алайда Ақжарқыннан бөлек, үш перзентті тәрбиелеп отырған отбасы далада қалады. Пәтерден пәтерге көшіп жүріп, балабақшаның қуықтай бөлмесін паналауға мәжбүр болған. Кейін шамамен бес жыл бойы баспана тұрғызыпты. Оның өзіне қарызданып-қауғаланып жүріп кірдік деген Зухра Сейтімова балалар өскен соң баспанасыз қатты қиналдық дейді. Бүгінде үйдің әлі де бітпеген жұмыстары бар. Тапқан табыстарының 15 мыңын азық-түлікке жұмсап, қалғанын несиені төлеуге (Ақжарқын істі болғанда алған несиесі: автор) және шетінен үйге қажетті құрылыс материалдарын алуға жұмсайды.

Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында Қытай шекарасында есірткімен ұсталды. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды. Алайда қазақ қызы бұдан хабары болмаған және әлі күнге дейін кінәсін мойындамады. Көптеген қазақстандық қаршадай қыз есіркті бизнесімен айналысты дегенге сенбеді. Кейінірек есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығындағылар Ақжарқынның нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болғанын мәлімдеді. Олар бірнеше жыл бойы арнайы операция жүргізіп, қазақ қызынан бөлек Қырғызстан мен Ресей азаматшаларын мафия алдап соққанын айтқан еді.

2019 жылы Ақжарқынның анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Онда көмектесуін сұрап, қызының нигериялық қылмыстық топтың құрбаны болғанын және жазықсыз екенін айтқан. Кейінірек Мемлекет басшысының Қытай тарапына өзге елде істі болған қазақстандықтың жайын жеткізгені және қазақ қызының елге қайтарылуы мүмкін екендігі айтылды. Ал қытайлық адвокат аспан асты елі заңында істі аяқтаудың нақты мерзімі жоқ екенін жеткізген болатын.

Небәрі 20 жасында темір торға тоғытылған Ақжарқын келер жылдың ақпанында 28 жасқа толады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары