$ 494.87  520.65  4.91

«Төрт күн азаптап, екі қолы істемей қалды»: Қазақтар Лондонға барып Қытай лагерінде көргенін мәлімдеді

10 қыркүйекте Лондонда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілді халықтардың қуғындалу мәселесіне арналған екінші тыңдау басталды.

10 қыркүйекте Лондонда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілді халықтардың қуғындалу мәселесіне арналған екінші тыңдау басталды. Алғашқысы биыл маусым айында өткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Лондонда өткен Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға жүргізіп отырған саясаты жайлы "Ұйғыр трибуналы" деп аталатын тыңдауда бірнеше қазақ куәлік берді. Олар Қытай лагерінде болған кезде өздері көрген адам түршігерлік жағдайлары туралы мәлімдеді. 
Шыңжаңда туып-өскен қазақтар Орынбек Көксебек, Ерғазы Отарбай мен Бақытәлі Нұр Қытай саяси лагерінде болған, кейін атамекеніне оралған. Қазір үшеуі де Қазақстанда тұрады. Лондондағы тыңдауға арнайы шақырту бойынша барған олар Қытай лагеріндегі өздері куә болған азаптауларды баяндады.

Бақытәлі Нұр өзін Қытай полициясы "арнайы тізімге енгізілген елге" барғаны үшін қамағанын айтты (Қытай қазақтарының сөзінше, билік сараптаған ол тізімге алынған 24 мемлекеттің арасында Қазақстан да бар).

Азамат, сондай-ақ Қытай билігі аяғы ауыр әйелін құрсағындағы алты айлық баласын алдырып тастауға мәжбүрлегенін де айтып берді. Оның жазбаша мәлімдемесіндегі дерекке сүйенген сарапшылар Бақытәлі Нұрдан Шыңжаң лагерінде қамауда бірге болған ұйғыр жігіттің қалай азапталғаны жөнінде сұрады.

“Бір күні оны (ұйғыр жігітті) түнгі сағат 12 жарымда алып кетті. Содан төрт күннен кейін бір-ақ әкелді. Оның екі қолы жансызданып қалған. Ертесіне басқарушы қытай маған "мына баланың екі қолы істемейді. Cол үшін оны дәретке отырғызып, тамағын бересің" деп бұйырды. Осылайша оған тамақ ішкізіп, дәретке отырғызып жүрдім. Біз отырған жердің бәрі толған камера. Ол жерде сөйлей алмайсың. Тек әжетханаға апарған кезде ғана әңгімелесуге мүмкіндік болды. Ол жігіттен сені қайда апарды деп сұрап едім, "бір жерге апарып, төрт күн асып қойды, басында аяғым жерге тимеген. Төрт күннен кейін сіңірім созылып, жерге тиді. Содан екі қолым жансызданып қалды» деді. «Бақытәлі, жейдемді түрші" деді ол. Қарасам, денесінде электрошоктан күймеген жері қалмапты. «Аға, бүйткенше өліп қалсамшы, мен не істедім..." деді ол. Сонда оның бар қылмысы – ұйғырларда «мәшірап» дейді, достарымен бірге сол отырысқа барған. "Терроршылар не деді, қылмысыңды мойында» деп оны қинаған”, – деп лагерьде көргенін айтқан сәтте Бақытәлі Нұр көзіне жас алды.

Лондондағы тыңдауға Қазақстаннан барған тағы бір қазақ Орынбек Көксебек Қытай лагерінде 125 күн немесе 4 ай қамауда отырғанын, одан шыққаннан кейін екі ай үйқамақта болғанын айтты.

“Қытай тілін білмегенім, Қазақстан азаматы болғаным үшін тұтқындады. Олардың мені қинағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын”, – деді Орынбек Көксебек.

Ол Қазақстанда жүрген кезде де әлдекімдерден қоқан-лоқы көргенін айтты.

Әкесі қайтыс болып, Қытайдағы туыстарымен жүздесуге барғанда лагерьден бір-ақ шыққан Орынбек Көксебек Шыңжаңдағы қамау салдарынан ұрпақ сүйе алмай жүрген көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары