$ 449.58  486.94  4.86

Министрлер қандай көлік мініп жүр?

Қаржы министрлігі жыл сайын бір көлікті осынша қаржыға жалға алады. Оған ай сайын 1 миллионға жуық теңге төлейді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Сіз бір жылда 17 млн теңгеге қандай көлік сатып алар едіңіз? Ал Қаржы министрлігі жыл сайын бір көлікті осынша қаржыға жалға алады. Оған ай сайын 1 миллионға жуық теңге төлейді. Сыртқы істер министрлігі 32,8 млн теңгеге қандай көлік сатып алды? Aikyn.kz Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер реестріндегі мәлімет бойынша, министрліктердің меншігінде қандай жеңіл көліктер тіркелгенін жазды.

Сыртқы істер министрлігі
2020 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, Сыртқы істер министрлігінің меншігінде 528 жеңіл автокөлік бар. Оның 12-сі Қазақстанда тіркелген. Қалғандары Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің меншігінде.

Қазақстанда тіркелгендердің ең қымбаты – 2015 жылы шығарылған Audi A8. Ол 2015 жылы 32,8 млн теңгеге сатып алынған. Айта кетейік, 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов болды.

2017 жылы барлығы 110 миллионнан астам теңгеге 6 автокөлік сатып алынған. Айта кетейік, 2016 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың аяғына дейін Қайрат Әбдірахманов Сырты істер министрі болды.

Қаржы министрлігі

2021 жылдың басындағы дерек бойынша, Қаржы министрлігі 10 қызметтік, 12 кезекші (бесеуі микро-, автобус) көлікті жалға алған. Оның бәрі дерлік мемлекеттік емес заңды тұлғаға тиесілі. Мұнда ең көп шығын кететін автокөлік маркасы – Mercedes-Benz S500 L. Жылына 17,7 млн теңге. Кейінгі орында – Mercedes-Benz E200 4М, оған да 17 млн шамасында қаржы жұмсалады. Кестеге көп шығын кететін 8 автокөлік жазылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

2020 жылдың 31 желтоқсанындағы дерек бойынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 43 автокөлікті жалға алған. Мұнда да ең қымбаты – Kia Quoris+ маркалы көлік. Оған жылына 20,2 млн теңге, айына 857 мың теңге жұмсалады. Көп шығын кететін бес көлік кестеге жазылды.

йта кетейік, ең көп автокөлік жалға алған министрліктердің ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екінші орында тұр.

Білім және ғылым министрлігі

Білім және ғылым министрлігінде 6 қызметтік, 2 кезекші көлік бар. Ішіндегі ең қымбаты немесе шығыны көбі – Mercedes Benz S500L маркалы автокөлік. Оны ұстауға бір айда 950 795 теңге, ал жылына 11,4 млн теңге жұмсалады.

Екінші шығыны көп автокөлік – Mercedes Benz E300. Оған айына – 729 360 теңге, жылына 8,7 млн теңге жұмсалады. Ал Kia Cadenza маркалы автокөлігіне мемлекет қазынасынан айына – 704 998 теңге, жылына 8,4 млн теңге төленеді.

Денсаулық сақтау министрлігі

2019 жылдың басындағы дерек бойынша, Денсаулық сақтау министрлігінің меншігінде 1 жеңіл көлік бар. Ол 2007 жылы шығарылған – Toyota Avensis VIN. Бастапқы құны – 3,3 млн теңге.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі

2021 жылдың басындағы дерек бойынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің меншігінде бір ғана автокөлік бар. Ол 2017 жылы шығарылған KIA Cerato маркалы автокөлік. Оның бастапқы бағасы – 5,4 млн теңге.

Энергетика министрлігі

Gr5.gosreestr.kz мәліметінше, Энергетика министрлігінің меншігінде көлік жоқ. Бірақ 2021 жылдың басындағы дерек бойынша, 12 жеңіл автокөлік жалға алған. Барлығы мемлекеттік заңды тұлғаға тиесілі. Ең көп шығын Kia Quaris+ маркалы көлікке жұмсалады, жылына – 10,3 млн теңге, бір айға – 864 240 теңге. Үздік бестіктегі көліктерді кестеден көре аласыз. Онда да Kia мен Mercedes-Benz маркалы көліктер көш бастап тұр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2020 жылдың 31 желтоқсанындағы дерек бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің меншігінде 2 автокөлік тіркелген. Олар 2007 жылы шығарылған Toyota Camry R4 және Toyota Coaster (автобус) маркалы көліктер. Бастапқы бағалары 4,6 млн және 7,8 млн теңгеге бағаланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің меншігінде 5 автокөлік бар. Ең қымбаты 2018 жылы шығарылған – KIA Sorento маркалы көлік. Бастапқы бағасы – 15 млн. теңге.

Министрлік 2019 жылы 9,4 – 12,3 млн теңгеге 4 автокөлік сатып алған. 2020 жылы тағы бір көлік сатып алған.

Айта кетейік, 2019 жылы ақпанда Сапархан Омаров Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Әділет министрлігі

Әділет министрлігінің меншігінде 9 автокөлік бар. Оның ішіндегі ең қымбаты – 2014 жылы шығарылған Lexus LX 570 маркалы автокөлік. Бастапқы бағасы – 18,9 млн теңге. Ол 2017 жылы сатып алынған.

Айта кетейік қазіргі Әділет министрі Марат Бекетаев 2016 жылы тағайындалды.

Мәдениет және спорт министрлігі

2019 жылғы дерек бойынша, Мәдениет және спорт министрлігінің меншігінде 2 автокөлік болған. Ең қымбаты – 2007 жылы шығарылған Mercedes-Benz E280. Ол 2016 жылы 11,1 млн теңгеге сатып алынған.

Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Сауда және интеграция министрліктерінің меншігінде ешқандай автокөлік тіркелмеген, жалға да алмаған. Ал Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылдан бері еш автокөлікті көрсетпеген.

Бұл министрліктің шенеуніктері автокөлікпен жүрмеуі мүмкін емес. Тек олар мемлекет қаржысына алынған автокөліктердің есебін жарияламаған.

Айта кетейік, Aikyn.kz тек Gr5.gosreestr.kz-те көрсетілген деректер бойынша жазып шықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары