Тұрмысы нашар отбасыларға рейд жүргізу кезінде осындай келеңсіздіктің беті ашылған. Мұндай ақпаратты облыстық ПД баспасөз қызметі де растап отыр, деп жазады Express Qazaqstan.
Балалар құқығын қорғайтын ұйымдар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полицейлер бірлесіп тексеру шараларын жүргізген. Олар биылғы 27 тамызда, кешкі сағат жеті шамасында Ақсу қаласында үш балалы әйелдің үйіне барады. Алайда, пәтер сырттан құлыптаулы, үйде ересектер болмай шыққан. Ал, бөлмеде 2013, 2016 және 2021 жылы туған үш бала бар екен.
Балалардың үлкені анасының таңертең есікті жауып кеткенін айтқан. Қанша жерден іздегенімен, жауапсыз ата-ананы табу мүмкін болмады. Амалы қалмаған тексерушілер төтеншеліктерді шақырып, есікті бұзып кіреді.
Пәтерде сәбилер өздері ғана екен. Олардың ең кішісі небәрі екі айлық. Балалар аш, үй іші астан-кестен. Тоңазытқышта алкогольді ішімдіктен басқа тамақ жоқ. Екі айлық сәбиге 8 жасар ағасы пакеттен сүт беріп отыр екен, - дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полицейлер көршілерден сұрастырғанда, олар бұл отбасында тәрбиенің осалдығын, жауапсыз ата-анасының бүлдіршіндерді үнемі ұзақ уақытқа қараусыз қалдыратынын айтқан. Тексеру тобының мүшелері бірден балаларды алып кетуге шешім қабылдады.
Ал, ішімдікке сылқия тойған шешесі үйіне азаматтық некедегі "күйеуімен" бірге түнгі сағат 11-де әрең оралған. Олар "Павлодарға жұмыс істеп, ақша табуға кеттік" деп түсіндірген. Айтқандай, жауапсыз әйелдің "уақытша күйеуі" бұрын сотталған әрі ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған болып шықты.
Қазіргі таңда үш бүлдіршін Павлодардағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Олардың шешесі, 34 жастағы әйел ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы, 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс сотқа жолданыпты.
Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты бұл әйелге қатысты аналық құқынан айыруға талап арыз дайындады. Балалардың тағдырын сот шешеді.