Кеше, 15 қыркүйек күні Қазақстанға Ираннан 53 ұлты қазақ азамат көшіп келді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Иран ислам республикасының Горган қаласынан 53 адам Қазақстанға қоныс аударды. Олар Ақтау қаласында 2-3 күн аялдап, құжаттарын реттейді. Жатақханаға орналастырамыз. Құжаттарын реттеу жұмыстары аяқталғаннан соң Нұр-Сұлтан қаласына аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныстанады" деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.
Ақпаратқа қарағанда, Қазақстанға барлығы 20 отбасы келген. Ресми мәлімет бойынша, Иранда шамамен үш мыңнан астам қазақ тұрады. Бір апта бұрын Қазақстан үкіметі билігі "Талибан" қозғалысының қолына өткен Ауғанстаннан 35 қазақты елге көшіріп әкелген еді.