Нұр-Сұлтан қалалық сотының апелляциялық алқасы "СҚ-Фармация" компаниясының бұрынғы төрағасы Берік Шәріптің ісін қарап, ақтау үкімінің күшін жойды. Бұл туралы елордалық сот хабарламасында айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сот алқасы бірінші сатыдағы сот қорытындыларын негізсіз деп танып, Шәріпті қызметтік жағдайын теріс пайдаланғаны және қаруды заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот төтенше жағдай кезінде қылмыс жасауды ауырлататын мән-жай деп таныды.
Осыған байланысты Шәріп 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, дереу қамауға алынды. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2021 жылы 4 тамызда судья Берік Шәріпті қамаудан босатып, айыппұл салу туралы шешім шығарған.
Шәріп 11 айдан аса уақыт қамауда болды. 3 тамызда ол сотта соңғы сөзін айтып, кінәсіз екенін мәлімдеді.
"Мені дәрігерлер жаппай вирус жұқтырды деп айыптады. Өкінішке қарай, одан қашу мүмкін болмады, өйткені әріптестерім бірінші қорғаныс шебінде жұмыс істеді. Дүние жүзінде дәрігерлер пандемия басталғанда да, қазір де вирус жұқтырып жатыр. (... ) Ешбір ел бұл инфекцияға дайын болмады, оның ішінде біз де", - деді ол.
"СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріптің тұтқындалғаны 2020 жылдың тамызында белгілі болды. Бірнеше күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев "СҚ-Фармация" төңірегінде мүдделес топтар бар екенін айтты.
Берік Шәріпке ҚР ҚК-нің 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармақшасы ("Ауыр салдарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") және 287-бабы 2-бөлігі ("Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша айыптар тағылған. Іс бойынша Денсаулық сақтау министрлігі - жәбірленуші тарап.
Шәріпке қатысты сотта Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы, қаланың бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин мен үй қамауында отырған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов куәгер болды.