Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен аумақтық департаменттер азаматтардың өтінішін қабылдау үшін «жедел желі» телефондарын іске қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мұғалімдерді оларға қатысы жоқ жұмысқа тарту, мектептерге бейнебақылау камералары мен дабыл батырмаларының орнатылмауы және басқа да өзекті мәселелер бойынша келіп түскен шағымдар шұғыл қаралып, тиісті шара қолданылады.
«Жедел желіге» хабарласушыларға WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы 8-705-206-59-32 нөміріне анықталған кемшіліктердің фотосуреті мен бейнематериалын жолдау мүмкіндігі берілген. Мектептердің мәселесін жергілікті атқарушы орган шешеді. Себебі білім беру мекемелері әкімдіктердің құзырында. Кемшіліктің түпкілікті жойылуын білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен аумақтық департаменттер қадағалайды. Бұл туралы білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова: «Қазіргі уақытта адамдардың басым бөлігі фотосурет пен видео түсіруге арналған функциялары бар смартфондарды пайдаланады. Балалар үшін оқу процесінің ыңғайлы және қауіпсіз болуын қалап, бұл мәселеге немқұрайлы қарамайтын азаматтар қазірдің өзінде түрлі бұзушылық туралы хабардар етіп, фотосуреттер мен бейнематериал жариялап жүр. Біз азаматтардың өтінішін бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріндегі белсенділігі үшін оларға алғыс айтамыз. Егер, басқа да азаматтар осылай жасап, белгіленген талапқа сай келмейтін фактілер туралы бізге хабарласа, мәселені әкімдіктердің қарауына жіберіп, мәселе толық шешілгенге дейін өз бақылауымызда ұстаймыз. Өйткені бейнекамералармен қамту немесе мектептердегі санитарлық тораптарға қатысты мәселелерді шешу әкімдіктердің құзырында», – деді.
Айта кетейік, жаңа оқу жылының басынан бастап білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне 70-ке жуық шағым келіп түсті. Комитет араласқаннан кейін тиісті шара қабылданып, мәселе шешімін тапты.
Бұған білім және ғылым министрлігі мектепке қатысты тапсырманы орындамаған тұлғаларға шара қолдану бойынша әкімдіктерге хат жолдады.