Боксшы Ангелина Лукастың 8 қыркүйектегі үндеуінде айтылған әйелдер арасындағы бокстан ұлттық құрамадағы жағдайды қарау, қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәдениет және спорт министрлігінің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы комиссия тараптардың барлық материалымен таныса келе:
Біріншіден, Қазақстан бокс федерациясы Ұлттық Олимпиада комитетімен берлесіп, спорт этикасын бұзғаны үшін екі боксшы – Назым Қызайбай мен Ангелина Лукасты уақытша шеттету мәселесін қарастыру туралы ұсыныс жасады.
- Сонымен қатар спорттық тәртіпті бұзу фактілері бойынша объективті тергеу жүргізілсін және 20 қыркүйекке дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ұлттық команданың бәсекеге қабілетті құрамын жасақтау, дәлелді шешім енгізу;
- Әйелдер құрамасы бас бапкерінің рапортына сәйкес, допингке қарсы ұлттық орталықтың мамандарын тарта отырып, құрама команда мүшелерінің допинг (тыйым салынған препараттар) қолдану мүмкіндігіне тексеру жүргізу;
- Сонымен қатар командадағы психологиялық ахуалды жақсарту, жанжалға жол бермеу үшін психологтарды, медиаторларды тарта отырып жұмыс жүргізуді ұсыну ұсынылды.
Екіншіден, Ұлттық Олимпиада комитетіне биыл 2 ақпанда қабылданған №524/21-НСК еңбек шартының 5.3.18, 5.3.19 және 5.3.28-тармақтарын бұзғаны үшін Ангелина Лукасты тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарастыру жөнінде шешім қабылдау үшін ұсыныс жасады.
Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайға жол бермеу үшін барлық федерацияға командадағы тәрбиелік жұмысты күшейту бойынша хат жолдады.
«Сондай-ақ бас бапкер Ерік Алғабектің ұлттық құрамадағы әлсіз бақылауын атап өту керек. Бұл командадағы спорттық тәртіпті жүйелі түрде бұзуға алып келді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, қос спортшының арасындағы дау Ангелина Лукастың Қазақстан чемпионатында Назым Қызайбайдан жеңіліп қалып, кейін Токио олимпиадасына жолдама ала алмай қалғанынан басталған.