Қазақстанға жаңа +997 телефон коды белгіленді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады", - делінген министр мәлімдемесінде.
Министрдің айтуынша, кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген.
"Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздер нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді! Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр", - деп түйіндеді министр.