Ақсуда қарттар үйінен түтін салдарынан 60 адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мекеменің бір палатасында матрац өртеніп, арты көк түтінге айналған. Нәтижесінде қарттардың бірі ауруханаға жатқызылды.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, 23 қыркүйекте сағат 18.39-да Ақсу қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Екінші корпустың бесінші қабатындағы №14 палатада төрт шаршы метр алаңда матрац бықсыған. Нәтижесінде қатты түтін пайда болған. Өрт сөндірушілер баспалдақпен 4 және 5 қабаттан 60 адамды эвакуациялады", - деді ТЖД баспасөз қызметі өкілдері.
Ведомство мәліметінше, эвакуацияланғандар арасында ғимараттан біреудің көмегінсіз шыға алмайтын науқастар болған.
"Газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны бесінші қабаттағы палата терезесіне құрастырылған қол оқпанын берді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін орталық қызметкерлері 1937 жылы туған зардап шегушіні эвакуациялады", - деді ведомство өкілі.
Ер адам Ақсу орталық ауруханасына жатқызылды. Жарты сағаттан кейін қарттар үйіндегі өрт толығымен жойылды.
"Өрт төсекте темекі шеккеннен басталған. Адам шығыны жоқ", - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі өкілдері.