Боксшы Аида Сатыбалдинова Қазақстан әйелдер құрамасында шын мәнінде не болып жатқанын ашық айтып, мәлімдеме жасады.
Боксшы Instagram желісінде қазақстандықтарға видео-үндеу жасап, ұлттық құрама сапындағы боксшы қыздардың дәстүрлі емес сексуалды қарым-қатынасты ұстанатынын айтып, бапкерлердің бұл идеологияны қыздарға саналы түрде сіңіріп жатқанын жеткізді.
«Бапкерлер де, басшылар да мұның бәрін біледі. Бірақ, бәріне көз жұма қарайды», деген Аида Сатыбалдинова әйелдер құрамасындағы жағдайды түсіндірді.
Оның айтуынша, әрбір бапкер шәкіртін Олимпиада ойындарына апарғысы келеді. Сол үшін барын салады. Алайда, олардың шәкірттері кез келген уақытта келіп: «Мен бокстан кетемін, тұрмысқа шығамын», «Бокстан кетемін, өйткені аяғым ауыр» деп айтуы мүмкін.
«Бұл бапкерлер үшін тиімді емес. Қанша жыл шәкірті үшін барын салады, ал олар боксты тастап кете барады. Сол үшін боксшы қыздарды спортта ұстап қалу үшін, жаттығу кезінде, жарыс кезінде бір-бірін жақсы көріп қалуы үшін барынша ынталандырады, соның жолын қарастырады.
Әрине, әркімнің жеке өмірі бар. Кімді сүйсе де, әркім өзі біледі. Бірақ, мен мұндайды өскелең ұрпақтың бойына саналы түрде сіңіруге қарсымын. Бірақ осылай болып жатыр. Меніңше, бұған ең алдымен бапкерлер кінәлі. Олар шәкірттеріне дұрыс идеология жүргізуі керек. Бірақ олар бас пайдасы үшін осындай әрекетке барып отыр. Оларды қыздардың болашағы, алдағы тағдыры алаңдатып отырған жоқ», - дейді боксшы.
Аида Сатыбалдинова Мемлекет басшысын, барлық шенеунікті, тиісті министрлікті осы жағдайдың алдын алуға шақырды. Әйелдер ұлттық құрамасында болып жатқан әрекетті тоқтатуға шақырды.
Еске сала кетейік, Аида Сатыбалдинова 2019 жылы кәсіпқой бокстағы екінші кездесуінде жеңіліп, содан бері шаршы алаңға шыққан жоқ.