Жаңалықтар 24.09.2021 сағат 14:40

«Коронавирус жұқтырған балалар көп тіркеліп жатыр» - педиатр

Мамандар қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтады.
«Коронавирус жұқтырған балалар көп тіркеліп жатыр» - педиатр
Фото: ашық дереккөзден
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Егер пандемияның басында балаларда коронавирус көп жағдайда жеңіл немесе асимптоматикалық түрде жүрсе, вирустың жаңа штамдарының пайда болуымен ауру күшейе бастады. COVID-19 белгілері және оның балаларда қалай әсер ететіні жөнінде педиатр, инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Лəззат Ералиева айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Педиатрдың айтуынша, әлемде COVID-19 вирусының ауыр түрімен ауыратын балалар жиі тіркеле бастады. Бұл жаңа агрессивті және жұқпалы КВИ штамдарының пайда болуымен байланысты.

«Ковидті тудыратын SARS-CoV-2 вирусы баланың денесіне ауа тамшылары немесе байланыс арқылы (заттар арқылы) енеді. Балалардағы COVID-19-дың алғашқы белгілері ересектер секілді, инфекция жұққан соң орта есеппен бір аптадан кейін пайда болады. Иммунитеті әлсіз балаларда инкубациялық кезең 2-3 күнге дейін қысқарады. Бастапқы кезеңде ауру қарапайым суық тигенге ұқсайды: тамақ ауырып, мұрын бітеледі және дене температурасы жоғарылайды», - деп түсіндірді Ләззат Ералиева.

Оның айтуынша, келесі 2-3 күн ішінде алдыңғы белгілерге жеңіл жөтел, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кеудедегі ауырсыну, ентігу және үлкен дәреттің сұйық болуы қосылады.

КВИ-дің аса ауыр ағымы бір жасқа дейінгі балаларда және созылмалы патологиялары мен қосымша аурулары бар 15 жастан асқан жасөспірімдерде байқалады.

«Әдетте, балалар ауырғаннан кейін 7-11 күнде қалыпқа келе бастайды. Балада COVID-19-ға тән алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден педиатр дәрігерін шақыру керек. Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз: балаға өз бетінше диагноз қоюға, өз бетінше емдеуге және өзге де белгілердің пайда болуын күтуге мүлдем болмайды!» - деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы.

Ол қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтты.

Балаларды вирустан қорғаудың жалғыз әдісі – ересек тұрғындарды вакцинациялау және жұқтырғандармен байланыста болмау.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар