Осы жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық препараттар бір айда 0,3%-ға және бір жылда 3,3%-ға қымбаттады, деп хабарлайды EnergyProm.
Дәрі-дәрмек бағасы қымбаттаған өңірлер арасында Маңғыстау көш бастап тұр (14,1%-ға өсті). Сол сияқты елордада (10,9%-ға) және Ақмола облысында (9,1%-ға) айтарлықтай қымбаттады.
Қостанай, Павлодар (әр өңірде 0,1%-ға) және Жамбыл (2,9%-ға) өңірлерінде дәрі-дәрмектер мен өзге де фармацевтикалық препараттар арзандады.
Фармацевтикалық препараттар арасында бір жылда күрт қымбаттағандар: «Хилак форте» (30 мл) (17,9%-ға, 1,6 мың теңгеге дейін), «Эссенциале форте Н» (30 капсула) (10,3%-ға, 2,9 мың теңгеге дейін), «Но-шпа» (40 мг, 100 таблетка) (10,2%-ға, 2,7 мың теңгеге дейін), «Корвалол» (25 мл) (9%-ға, 180 теңгеге дейін), «Аквалор» (125 мл) (8,4%-ға, 2 мың теңгеге дейін). Сондай-ақ, «Ренни», «Омез», «Ксимелин», «Ингавирин», амброксол және басқа да препараттар бағасы айтарлықтай өсті.
Елімізге 2021 жылдың қаңтар-шілде айларында 615,8 млн долларға 12,4 мың тонна дәрі-дәрмек жеткізілді. Өсім заттай көріністе 70,7%-ды, ақшалай көріністе 92,4%-ды құрады.
ТМД-ға кірмейтін елдерден 7,1 мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 81,8%-ға артық. Мұнда ең көп көлем Қытайға (1,3 млн тонна 5,4 млн доллар сомаға), Үндістанға (1 мың тонна, 44,8 млн доллар) және Германияға (947 тонна 107,8 млн доллар сомасына) тиесілі болды.