24.09.2021, 16:20

1 қазаннан бастап тағы бір ипотекалық бағдарлама тоқтатылатын болды

2021 жылдың бірінші қазанына дейін түскен өтінімдер әдеттегі тәртіп бойынша қаралады.

"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ 1 қазаннан бастап қаржыландыру лимитінің асып кетуіне байланысты "Орда" ипотекалық бағдарламасы бойынша қарыз беруді уақытша тоқтатады.

Жыл сайын "Орда" бағдарламасы жоспарлы түрде 13,8 миллиард теңгеге қаржыландырылады. Оны "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

2018 жылдың қазанынан 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін "Орда" бағдарламасы бойынша 70 миллиард теңгеден астам сомаға 5 271 өтінім түскен. Оның ішінде 49,4 миллиард теңгеге 3 838 өтінім мақұлданды.

Еске салсақ, "Орда" ипотекалық кредиттеу бағдарламасы 2018 жылдың қазанында басталды. Бұл бағдарлама бойынша жылдық 12% (табысты толық растау) және 14% (табысты ішінара растау) мөлшерлемемен жаңа және қолданыстағы үйлерді сатып алуға ипотекалық қарыз беріліп келді. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 30%-і немесе оны қосымша кепілмен алмастыру мүмкіндігі бар еді. Кредит мерзімі – 20 жылға дейін.

Қарыз сомасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары үшін 1 миллионнан 65 миллион теңгеге дейін, ал басқа өңірлер үшін 1-ден 45 миллион теңгеге дейін.

Өтінім қабылдау және қарызға одан әрі қызмет көрсету серіктес-банктер – "Еуразия банкі", First Heartland Jýsan Bank, "Банк ЦентрКредит" арқылы жүргізілді.

 

Тегтер: ипотека