Жаһандану дәуірімен бірге адамзат дамуының төртінші – постиндустриалды кезеңі келіп жетті. Бұл қоғамда дүниеге келген Z ұрпағын 2010 жылдан бастап өмір есігін ашып жатқан Альфа (А) ұрпағы алмастыруда. Жасанды интеллект заманында ер жететін бұл тұлғалардың пайым деңгейі өзгеше болып келеді, сол сияқты, өзіндік құндылықтары да басқа болатыны сөзсіз. Әріп танымай жатып гаджет тілін алдымен меңгеретін бұл жеткіншектер үшін талғам еркіндігі мен өзін-өзі жетілдіру мәселесі бірінші орында тұрады.
Олар әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы өз даралығын жан-жақты айшықтайды, сонымен қатар, өздері жақсы көретін мультфильмдер мен музыканы «ақылды алгоритм» жүйелеп беретініне үйренген. Сандық технологиялар жаңалығын қалай пайдалануды сәби кезінен меңгергендіктен, болашақта жылдам әрекетке бейімделген ерекше кеңістікте өмір сүретіні даусыз. Олай болса, бүгінгі ақпараттық қоғамдағы ғылым-білім жүйесі осындай даму үрдісіндегі тұлғаларға лайықты жүйеленген бе? Бұл саланың қазіргі ахуалы қандай?
Постиндустриалды қоғамдағы ғылым-білімнің қазақстандық моделі туралы «Aspandau» ғылыми-білім беру Қорының негізін қалаушы, ғалым, DBA Қанат Нұров өзінің «Ақпараттық қоғам ағартушыларының манифесі» кітабында талдап, өзіндік ерекшелігін айқын көрсетіп береді.
Ақпараттық қоғамдағы білім берудің мақсаты басқа. Ендігі білім объектісі болатын тұлға өз бойындағы рух, жан, ар-ождан, ұжымдық бейсаналық, супер-эго, т.б. сияқты объективті құндылықтар жүйесін жете түсініп алып, өзін-өзі шығармашылық дамытуы маңызды. Ақпараттық қоғамда білім беруші мен алушының мақсатқа жетуінің алғышарты – олардың бойында ішкі мотивацияның болуында жатыр.
Қазақстандағы ғылым-білім жүйесі ақпараттық қоғам идеологиясы мен философиясын негізге алғанда ғана мақсатына жетуі мүмкін.
«Ақпараттық қоғам ағартушыларының манифесі» еңбегінде автор еліміздегі ғылым-білім жүйесінің дамуына осыған дейін кедергі келтіріп келген бірнеше факторды атайды. Біріншіден, посткеңестік кезеңде білім берусаласы деидеологизацияға ұшырап, моральдық тәрбиенің күрт төмендеп кетуі құндылықтарымыз бен дүниетанымымызға өзіндік салқынын тигізіп кетті. Бірізділіктен жырақталған соң, ғылым қаңтарылып, білім тозды. Сонымен қатар, нарықтық экономикаға көшу кезінде теріс тәжірибені идеалдандыру қоғамдық мораль мен адамгершіліктің құлдырауына алып келді. Екіншіден, посткеңестік кезеңде діни кертартпалық белең алып, прагматизм мен утилитаризм үстемдік құрды.
Атеизмді дәріптеген кеңес идеологиясы жүйесінен жаңа босаған қазақ қоғамы әртүрлі діни ағымдардың тұзағына оп-оңай түсіп қалды. Үшіншіден, белең алған жемқорлық факторы ғылым-білім саласын дамытпады. Мемлекет тарапынан ғылымға бөлінген қаржы жеткіліксіз болуға айналды, білім жүйесін осы саладыдүдамал жолмен жетістікке жеткен біліксіз «ғалымдар» жаулап алды. Олар шын мәніндегі дарынды мамандардың ғылыми ізденісін ығыстыра бастады. Ғылым өлі күйге түсті, ал білім – ғылымнан алшақтап кетті.
Автордың уәжіне жүгінсек, дәл қазір еліміздегі білімнің академиялық деңгейі қатты төмендеп кеткен. «Арнайы орта білім мен кәсіптік-техникалық, я болмаса, инженерлік-педагогикалық білімді былай қояйық, қазір ғылыми ізденісті көздейтін жоғары білімнің өзі де мемлекеттік білім беру стандарты бойынша «кәсіби» деңгейден аспай қалды», - дейді ғалым. Оның пікірінше, барлық жоғарғы білім алдымен академиялық(ғылыми) сипатқа ие болуы тиіс, содан кейін ғана кәсіби (практикалық) сипаты болуы болуы керек. Мысалы, ғылыми-педагогикалық салада мамандық алғысы келетін өз саласына инновациялық технологиялар мен өзге де ғылыми жетістіктерді өндіріске алып келуі – дамуға серпін береді.
Ғылым-білім беру саласының ендігі жердегі мақсаты – ақпараттық қоғам тұлғасын қалыптастыруболғаны дұрыс. Қазір дене еңбегінің дәуірі өтті, бұдан былай, жеке тұлғаның таланты мен интеллектуалды қабілетін дамытуға күш салу маңызды. Бұл жердегі тұлға — білім берудің пассивті объектісі емес, өзінің білім процесінің белсенді шығармашылық субъектісі. Оқытушы мен оқушы бір рөлден басқа рөлге еркін ауысу арқылы үйрене де, үйрете алады.
Академиялық білімнің заманауи процесі өмір бойы — туғаннан соңғы демі таусылғанға дейін созылатыны белгілі. Алайда, білім неғұрлым прогрессивті ғылыми жетістіктерге сүйенетін болса ғана ақпараттық қоғам тұлғасының өзін-өзі дамытуы үшін оңтайлы жағдай туғыза алады. Бұл жүйе дамудың өзіндік ерекшелігі, философиясы һәм идеологиясымен ерекшеленеді. Сандық технологиялар мен телекоммуникациялардың өмірімізге дендеп енуімен тығыз байланысты болғандықтан, бұл жүйеде адам неғұрлым өз-өзін үздіксіз жетілдіріп, ақпарат алмасып, жан-жағымен қарым-қатынасқа ашық болуы маңызды. Дене еңбегінің дәуірі өткендіктен, ендігі жерде таланты мен интеллектуалды қабілетінің арқасында нәпақасын тауып жей алатын болуы керек.
Жаңа жүйеде тарих, демография, психология, әлеуметтану және т.б. ғылымдары неғұрлым үлкен мәнге ие болады. Тек осы ғылымдар ғана білім беру теориясы мен практикасын жетілдіру үшін қажетті әлеуметтік процестердің болжамдық моделін құруға қабілетті. Егер ақпараттық қоғам тұлғасы осындай өзгерістерге дайын болып, басқалардан оза дамуына мүмкіншілік ашылсын десек, бұлардың жүйелі дамуы аса маңызды болып табылады.
Өз еңбегінде ғалым Ғ.И.Нұров ақпараттық қоғамдағы білім беру стратегиясын ұсынады. Жеке тұлғалық потенциалды қалыптастыру үшін тұтас қоғамды сананы өзгерту керек, ол үшін төрт түрлі маңызды міндет алға тартылады.
Оның алғашқысы, «Танымның жедел компоненті» (ТЖК) бойынша әлемде, айналасында болып жатқан өзгеріс-оқиғалардың ақ-қарасын ажырата алатындай жеке тұлғаның қалыптасқан ұғым-танымы болуы керектігі айтылады. Үлкен көлемді ақпаратты өңдей алатындай, тоталитарлық режим жетегіндегі қоғамдық сана манипуляцияларына түсіп қалмайтындай, жүйелі сыни ойлау ерекшелігін дамыту маңызды.
Келесі, «Құндылықтардың объективті жүйесі» (ҚОЖ) бойынша сананы улайтын кері ілімдерге жол бермейтін рухани және зайырлы құндылықтардың объективті моралін ашу бағытына басымдылық берілсе, үшінші, «Жалпыадамзаттық ұлттық идеяда» (ЖҰИ) барлық қазақстандықтардың бойында посткеңестік, постколониалдық, неоколониалдық, панисламдық және қазақтың ұлттық тәуелсіз мемлекетіне я ұлтқа үстемдік жүргізгісі келетін кез келген империялық ықпалға қарсы тұра алатын титулдық ұлттың эгидасында азаматтық ұлттық бірегейлікті қалыптастыру қажеттігі сөз болады.
Дегенмен, ақпараттық қоғамда көзделетін ең басты идея– «еркін құқықтық санаға» (ЕҚС) ие болу. Ең соңында, автор жалпыға ортақ дүниетанымда құқықтық сананың еркін болуы – қоғамдық сананың өсуіне бастайтын төте жол екенін атап өтеді. Мұның бәрі ғылыми негізде, жүйелі жүзеге асуы керек.
Бұл еңбекте ғылыми-техникалық үдеріс қазіргі ғылым-білімнің бөлінбес бөлшегі екені көрінеді.
Білім беру мекемелерінің академиялық еркіндігін және өзін-өзі басқарудыңавтономдылығын сақтай отырып, үздіксіз академиялық білім берудің бірыңғай ұлттық моделін орнату қажет. Соның ішінде «Ашық тұлғаны қалыптастыру» – уақыт талабы ретінде көрініс береді. Ғылыми негізделген сыни ойлау, құндылықтардың объективті жүйесін өзектендіру және насихаттау, барша әлемге ашық болу, еркін құқықтық сананы дамыту арқылы қоғамдық сананы өзгерту, академиялық және кәсіптік білім беруде т.б. ұлттық модель қалыптастыру да автор үшін өзекті мәселе.
Ақпараттық қоғам – жаһандану өркениеті жетістіктері арқылы жаңадан келіп жатқан жүйе болғандықтан, оны мәдени жаңғырту, ақпараттық тұлға қалыптастыру жолында маңдай терін төгетін ағартушылардың болуы маңызды.
Манифест – жаңаның жаршысы. Ақпараттық қоғамның да өз жүйесі, ережесі болуы тиіс. Бұл еңбектің «Ақпараттық қоғам ағартушылары манифесі» деп аталуы да сондықтан. Бұл кітап «Аспандау» қорының aspandau.kz сайтында барша оқырмандарға қолжетімді. Манифеске оның құндылықтарын, идеяларын бөлісетін кез келген адам қосыла алады. Ол үшін сайтта арнайы меморандумға қол қою формасы да көрсетілген.
Анар Қабылқақ, әдебиеттанушы