1-сынып оқушыларына дұрыс жазуды үйрететін «Менің алтын жазу үлгім» деп аталатын дәптердің ішіндегі сөзге ата-аналар ашуын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Mnews.kz тілшісі.
Авторы С. В. Трофимова деп көрсетілген «Менің алтын жазу үлгім» дәптерінің ішінде балаларға қайталап жазуға көрсетілген «өл» сөзі ата-аналарға ұнамай жатыр.
«Басқа мысал таппағандай, кішкентай баланың санасына бұл жағымсыз сөзді неге құйып жатыр? Балалардың басына өлім туралы ой салып жатыр. Қазақстанда балалар суициді көбейіп барады деп дабыл қағамыз, алайда жұмыстарының түрі мынау. ҚР Білім және ғылым министрлігінің істеп отқан жұмысының түрі», — деген пікірлер айтылып жатыр.
Сөзге бай қазақ тілінде мысал ретінде келтіруге басқа сөз табылмай қалған ба? ҚР Білім және ғылым министрлігінде бұл дәптер ведомство бекіткен мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарының тізіміне енбейтінін айтты. Алайда, қосымша оқу құралдарын білім беру ұйымдары өздері таңдай береді екен. Бұл сонда қалай болғаны?