30.09.2021, 18:00

«LRT-ға қатысты іздеуде жүргендер Нью-Йоркте шалқып өмір сүріп жатыр» -депутат

Фото: ашық дерекөз
Мәжіліс депутаты әйгілі «Астана- LRT» ісіне қатысты сотталған жетеуден бөлек халықаралық іздеудегі екі азаматқа қатысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады

Мәжіліс депутаты әйгілі "Астана- LRT" ісіне қатысты сотталған жетеуден бөлек халықаралық іздеудегі екі азаматқа қатысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов біршама ақпарат құралдарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Ардан Интерполдың тізімінде жоқ деген мәлімет тарағанын алға тартты. Және оны ешкім ресми түрде жоққа шығармағанын да айтты.

"Ал әлеуметтік желіде олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрған. Сонда қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрлаған миллиардтаған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек сол ақшаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құқық қорғау органдарымыз олардың ақшаны толығымен жұмсап бітуін күтіп отырған сияқты", — дейді депутат.

Мәжілісмен келтірген тағы бір дерек, халықаралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдауы тиіс. Осы іске қатысты бұған дейін сот үкімі шыққан жеті адамның адвокаттары қазақстандық прокурорлардың Интерполға берілетін өтінішті дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізген. Сол себепті, бой тасалап кеткен екі азаматтың жүрген жері нақты белгілі бола тұра, оларды ұстау шарасы осы күнге дейін қолға алынбаған.

Сосын тағы бір маңызды мәселені ескеру керек. Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүмкін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, бұл — Қазақстан халқының ақшасы, - деді депутат.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы атынан жолдаған сауалда бас прокуратурадан Интерполға тапсырыс қашан және қалай берілгенін, сондай-ақ іздеу салынды делінген екі күдіктінің не себепті халықаралық іздеу мекемесінің тізімінде жоқ екенін түсіндіріп беруді талап етті.