$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев пен Путиннің жолбарысқа қатысты пікірі екіге жарылды (видео)

Қасым-Жомарт Тоқаев түз тағысы Үндістан, Ресей немесе басқа ел болсын, бірдей екенін айтты. Алайда Путин онымен келіспеді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Бүгін Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында жолбарыс популяциясын қалпына келтіру мәселесі сөз болды деп, хабарлайды Express Qazaqstan.

Онлайн форматта өткен форумда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанның Ресеймен бірлесіп жолбарысты қайта жерсіндіру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Осы бағытта Алматы облысында мемлекеттік табиғи қорық құрылған. Сол тұста Ресей Президенті Владимир Путин әңгімеге араласып, министрдің айтып жатқаны қандай жолбарыс екенін білгісі келді.

Серікқали Брекешов елімізде бұл жолбарыстың тіршілік етпейтінін, оны қайтадан жерсіндіру мәселесі пысықталып жатқанын айта бастаған. Сол сәтті министрдің сөзін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іліп әкетті. Ол Қазақстан аумағында тіршілік еткен Тұран жолбарыстарына қатысты деректерін бөлісті.

Әңгіме Тұран жолбарысы туралы болып отыр. Соңғы рет олар Қазақстанда өткен жүзжылдықтың 30-шы жылдарында кездесті. Ұлы Отан соғысы басталар алдында бұл жыртқыштар ел аумағынан көрінген жоқ, жойылып кетті, ­— деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл дала жолбарыстары екенін, қазір Қазақстанда жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Ресейлік ғалымдарды осы жобаға атсасылуға шақырамыз. Бұл үшін арнайы аумақ бөлінді. Бұл өте қызықты әрі келешегі зор жоба. Ресейлік мамандарды да өте қызықты жобаға қатысуға шақырамын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Ресей басшысы өз елінде бірқатар жолбарыс түрлерінің популяциясы жасалғанын айтып, олардың кейбір түрі шет елдерден алдырылғанына тоқталды.

Біз Кавказда барыстардың кейбір популяциясын, Сібірде ілбістерді қайта қалпына келтірдік. Бірақ олар бізде сақталған жоқ. Есесіне, осыған ұқсас түрлер Тәжікстанда, Иранда сақталған. Оларды сол жақтан әкеліп, бізде қалған аңдарға қосамыз, - деді Путин.

Қасым-Жомарт Тоқаев түз тағысы Үндістан, Ресей немесе басқа ел болсын, бірдей екенін айтты. Алайда Путин онымен келіспеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ресейде — ең ірі жолбарыс, - деді Владимир Путин күліп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары