Осыдан бір апта бұрын Астана әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес жиынында Астанадағы бірқатар көшелер мен мектептердің атауын өзгерту мәселесі талқыланған болатын. Олардың қатарында Орынбор көшесінің атауы да бар. Бүгін қалалық мәслихаттың депутаттары жергілікті билік өкілдерінен көше атауын өзгертпеуді сұрады.
Халық қалаулылары аталған көшені екіге бөлуді ұсынып отыр.
"Қоғамдық кеңес жиынында Орынбор көшесінің атауын өзгерту мәселесі қаралғанын білеміз. Біз бұл көшені Сарайшық көшесінен бастап Керей мен Жәнібек хандар көшесіне дейінгі бөлігіне тиіспеуді ұсынамыз. Яғни бұрынғы атауында қалуы керек. Ал, Керей мен Жәнібек хандар көшесінен бастап әуежайға дейін "Мәңгілік ел" деген атау берейік. Орынбор - Қазақстанның алғашқы астанасы. Ақмешіт, Түркістан, Сығанақ көшелері бар, яғни қазақтардың өзге астаналары. Демек, Орынборды өзгертудің қажеті жоқ", - деді мәслихат депутаттары Астана әкімдігінің өкілдеріне.
Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқышбаев болса әуел баста депутаттар айтқандай етіп өзгерту жоспарланған. Алайда, бұл шешім кейіннен өзгеріпті.
"Алғашында біз Орынбор атауын BI-Village кешенінен BI-Family кешеніне дейінгі аралыққа бергіміз келді. Орынбор үлкен көше болғандықтан біз оны осылай бөлгіміз келген. Бұл біздің ғана пікіріміз емес, ғалымдар да солай ойлайды. Бірақ, екіге бөліп тастасақ көше тым қысқа болып қалайын деп тұр", - дейді басқарма басшысы.