$ 445.66  474.58  4.78

Айықпас ауруға шалдыққан Арон Атабектің жазасы жеңілдеді

Сотталушы "Омыртқаның мойын бөлігі омыртқааралық дискісінің миелопатиясымен зақымдалуы, жұлынның мойын бөлімі деңгейіндегі дегенеративті - демиелинизирлеуші ауруы" және тағы басқа емделмейтін аурумен ауыратыны анықталған.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Бүгін Павлодар қаласының №2 соты Арон Атабектің жазасын оның сырқатына байланысты жеңілдетіп, бостандыққа шығарды. Бұл туралы Orda.kz соттың сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Сот ол кісіде жазылмайтын ауру бар екенін ескерді. Ақынның мойын омыртқааралық сүйектерінің зақымдалуы, жұлынның мойын деңгейінде т.б. сырқаттары бар.

– Бұл ауру ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2014 жылғы №530 бұйрығымен бекітілген сотталғандарға жазаны өтеуден босатуға негіз болатын ауруларының тізіміне енгізілген, – деп түсіндірді сот.

Заң бойынша жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауыр сырқатпен ауыратын адамның жазасы жеңілдетілуі, не болмаса бостандыққа шығарылуы керек.

– Заңда көрсетілген мән-жайлар мен процеске қатысушылардың пікірін ескере отырып, сотталушы пробациялық бақылау орнатып, міндеттер жүктей отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған адам мен процеске қатысушылар апелляциялық сотқа шағымдана алады, – делінген соттың баспасөз хабарламасында.

Жоғарғы соттың сотпен қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсановтың айтуынша, ол бүгін босатылады.

Ал құқық қорғаушы Елена Семенова Orda.kz сайтына Атабектің тек 15 күннен кейін толық босатылатынын айтты.

– Ол әлі босатылмайды, үкім 15 күннен кейін күшіне енеді. 15 күннен кейін босатылады, – деді Семенова.

Сонымен қатар қарт ақын 3 жыл үйқамақта болып, пробациялық бақылауда болады.

Қыркүйек айының соңында құқық қорғаушылар Арон Атабектің ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Бұған дейін олар Қазақстан президенті әкімшілігіне Атабекке рақымшылық сұрап петиция жолдаған.

Еске салсақ, 2006 жылы Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін Арон Атабек 18 жылға сотталды. Азаматтық қоғам өкілдері оның денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Осы жылдың тамызында түрмеде Атабекпен кездескеннен кейін Ұлттық алдын алу механизмі мүшелері ақынның жағдайы айтарлықтай нашарлағанын хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары