$ 444.22  476.38  4.82

«Химияны анимемен байланыстырып, әнмен, рэппен түсіндіремін»: Алматылық ұстаз TikTok желісі арқылы қалай сабақ үйрететінін айтты

Бүгінде Ұлан Үсеновтың былтыр жазда – пандемия өршіп тұрған тұста ашқан TikTok желісіндегі парақшасында 760 мыңға жуық оқырманы бар.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

29 жастағы алматылық ұстаз Ұлан Үсенов оқушыларға химия пәнін TikTok әлеуметтік желісі мен “Наруто” анимесі арқылы түсіндіріп, елге танымал болған еді. Балаларды білімге баулудың жаңа әдісін пайдаланған ол бүгінде “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасында жеңімпаз атанып, Forbes-тің “Орда бұзар 30 жас” тізіміне енді. Stan.kz тілшісі заманауи трендтен қалмай, оқушыларға қиын пәнді оңай жолмен оқытып жүрген ұстазбен мереке қарсаңында сұхбаттасты. 

Бүгінде Ұлан Үсеновтың былтыр жазда – пандемия өршіп тұрған тұста ашқан TikTok желісіндегі парақшасында 760 мыңға жуық оқырманы бар. Оның мұнда жүктеген видеолары кемінде 1 милионнан аса қаралым жинайды. Ұстаздың сөзіне сенсек, ол химия пәнін жастар арасында танымал “Наруто” анимесімен ұштастырып түсіндіруді көптен бері ойлап жүрген. Дегенмен, видео түсіруді тек осы жылы оқушылардың қысқы демалысы кезінде бастаған. 

“Негізі химия пәнін анимемен байланыстырып оқыту туралы идея менің ойымда бұрыннан жүрген болатын. Алайда оны іске асыруды бастай алмай жүрген едім. Тек биыл қыста сәті түсті.  TikTok пен анимеден басқа, өзге де әлеуметтік желілерді өз сабағымда пайдалануға тырысамын. Бұған дейін YouTube платформасында кең көлемді сабақтар жариялаған да болатынмын. Бірақ қазір онымен айналыспаймын. TikTok-қа қарай көбірек бет бұрдым. Тек аниме ғана емес, видеоларымда басқа да көрнекі әдіс-тәсілдерді пайдаланамын. Мәселен, химия сабағын әнмен, рэп айтып түсіндіремін. Әннің сөздерін өзім жазамын. Музыкаға қосып, жариялап отырамын”, – дейді жас ұстаз. 

Forbes басылымына берген сұхбатында Ұлан Үсенов ұстаз болуды өзі таңдағанын жеткізді. Десек те, бала күнгі арманы өзге мамандық болғанын жасырмады.

“Негізі кездейсоқ мұғалім болдым. Журналист болуды армандайтынмын. Бірақ бұл мамандыққа грант аз бөлінетіндіктен педагогикаға бет бұрдым. Химия пәнін жақсы білгендіктен емтиханнан сүрінбей өттім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, мұғалім атандым. Қазіргі кезде жекеменшік High Tech Academy мектебінде сабақ беремін. 2015 жылдан бері ұстаз болып қызмет етемін, еңбек өтілім алты жылдан асады”, – дейді ол. 

Оқушы кезінде химиядан бөлек, гуманитарлық пәндерді қызығып оқығанын тілге тиек етті. 

“Шыны керек, мектептегі ұстаздарымның ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Себебі мен үшін мұғалім жалпылама образдағы адам. Дей тұрғанмен 11-сыныпты тәмамдаған Талдықорғандағы мектебімдегі алгебра және геометрия пәндерінен сабақ берген Галина Геннадьевна Джан есімді оқытушым ерекше есімде қалыпты. Адами тұрғыда өте жақсы адам, әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдайтын. Ал химиядан басқа құқық негіздері, Қазақстан тарихы пәндері ұнайтын. Ағылшын тілін оқығым келмейтін”, – дейді педагог. 

TikTok желісінде тек көңіл көтеру, ойын-сауықтық видеолармен ғана емес, білім беруге бағытталған контент арқылы танылуға болатынын дәлелдеген жас ұстаз оның бұл оқыту тәсілін қолдағандар көп болғанын сөз етті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары