$ 498.34  519.72  4.85

Елімізде тұңғыш рет Маңғыстау облысында жасанды жаңбыр жауды (видео)

Жаңа жоба тамыз айында қолға алынған болатын.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Биыл қуаншылық салдарынан Маңғыстау облысында шөп шықпай, шаруаларға қиын соқты. Осыдан кейін жасанды жаңбыр жаудыру туралы бастама көтерілген болатын, деп хабарлайды, Express Qazaqstan.

Жаңа жоба тамыз айында қолға алынған болатын. Осы мақсатата "Грант Қазақстан" корпоративтік қорының "Central Asian Center of Climate Change Technologies" серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында 3 жақты келісім жасалды.

Жоба жетекшісі Алтай Айнабектің айтуынша, облыс аумағында қазір үш құрылғы орнатылған.

"Біздің құрылғылар Шетпе, Жетібай, Құрық елдімекендерінде қойылды. Қалған екеуін орнататын жерді анықтап жатырмыз. 28 қыркүйекте Құрықтағы құрылғымызды қосқаннан кейін арада бір күн өткенде Ақтауда жауын жауды. Бұл сынақ ретінде қолданылды. Аспанда бұлт болмады. Дегенмен ауа ылғалдығы жоғары болды", дейді ол.

Жасанды жаңбыр жаудыруға арналған құрылғы 29 қыркүйекте тағы іске қосылған. Оның нәтижесі алдағы аптаның ішінде белгілі болмақ.

"Оның қанша мөлшерде жауатынын айта алмаймыз. Себебі, қазір жазға маусымның төмендеу қысымдары күзгі климатқа ауысып жатыр", дейді мамандар.

"Central Asian Center of Climate Change Technologies" ЖШС тамыз айының ортасында Мәжіліс депутаттарының арнайы шақыртуымен келген.

Жобаны іске асырушы серіктестіктің климаттық технология жөніндегі директоры, гидролог Сергей Бологуровтың айтуынша, бұл жасанды жауын шөптің мол өсуіне септігін тигізеді.

"Дәстүрлі су көздері жыл сайын қымбаттап келеді. Бұл Маңғыстауда ауыл шаруашылығы саласында жүрген адамдарға қиын. Жасанды жаңбыр жауғызу Маңғыстаудағы жем-шөп проблемасын шешудің бірден бір жолы. Демек пайдасы бар. Облыста табиғи жолмен бір жылда 160 мм мөлшерінде жауын жауады. Бұл — өте аз көрсеткіш. Оны арнайы құрылғымен теріс ағынды иондарды жіберу негізінде 210 мм-ге дейін ұлғайтамыз", дейді С.Бологуров.

Дегенмен, теріс ағынды иондарды күн сайын жіберіп отырғанымен жауынның қанша мәрте жауу мүмкіндігін болжау қиындау. Бір қондырғы 100 мың шаршы шақырымды қамтиды екен. Дегенмен, облыс көлемін тұтас қамтуға мүмкіндік бар. Одан бөлек мұның әсері көршілес облыстар және Өзбекстан мен Түрікменстанда да байқалуы мүмкін.

"Басқа елдер бұл технологияны қолданғанымен уақытында ол туралы айтпады. Біз Қазақстан тарапы ашық түрде жария айтып жатырмыз. Оны айтатын уақыт келді. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері 2006 жылдан бері жүзеге асырғанына қарамастан, енді ғана жариялай бастады. Біздегі технология өз елімізде құрастырылды. Қажетті жабдықтары Америка мен Нидерландиядан жеткізілді", дейді Алтай Айнабек.

Экологиялық зияны жоқ жауын жаудыру жобасы үшін "Central Asian Center of Climate Change Technologies" ЖШС әзірге он үш айға келісім жасалған. Жоба құны бес млн еуроны құрайды. Оның 3,8 млн еуросы жобаны жүзеге асырушылар тарапынан салынған инвестиция болса, қаржының қалған бөлігі жергілікті демеушілер есебінен беріліп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары