04.10.2021, 01:24

Марқұм полицейдің ата-анасы Арон Атабекті босатпауды сұрады

Фото: ашық дереккөз
Әділдікке деген сенімімізді жоғалтпаңыз. Жалғыз ұлымызды өлтірген адамның жазаланғанын біліп өмір сүрген жағдайда көңіліміз жай табады...

2006 жылы Алматыдағы Шаңырақ оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің ата-анасы еліміздің Бас прокурорынан Арон Атабекті босатпауды сұрады. Олардың хатының көшірмесі әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Informburo.kz-ның хабарлауынша, хатта марқұм Әсет Бейсеновтің ата-анасы "Атабектің "саяси ұстанымы" оған деген көзқарасты өзгерте алмайды немесе оны адам өлтіруші ретінде ақтай алмайды" деп жазған.

"Әділдікке деген сенімімізді жоғалтпаңыз. Жалғыз ұлымызды өлтірген адамның жазаланғанын біліп өмір сүрген жағдайда көңіліміз жай табады", — делінген хатта.

Айта кетейік, Шаңырақ оқиғасынан кейін 15 жыл түрмеде отырған Арон Атабек жақында денсаулығына байланысты бостандыққа шықты.

Арон Атабек — қазақстандық оппозиция өкілі, ақын, публицист, саяси белсенді. Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданында "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, полицияны өлтірді, сондай-ақ тұтқында кепілгер ұстады" деген айыппен 2006 жылы қамалған болатын.

Шаңырақ оқиғасы кезінде полиция қызметкері Әсет Бейсенов опат болған-ды. Оны біреулер бағанаға байлап, үстіне от қойып өртеп жіберген.