05.10.2021, 06:00

4000 қоңырау: Әйгілі «Игра в кальмара» сериалы бейтаныс адамның телефон нөмірін көрсеткен

Фото: ашық дереккөз
Нөмірі кенеттен әлем жұртшылығына жария болған 40 жастағы азамат күніне кемінде 4000 қоңырау шалатынын айтып, мұңын шақты.

Netflix-тің "Игра в кальмара" атты ерекше танымалдыққа ие болған телехикаясы абайсызда шынайы адамның телефон нөмірін көпшілікке көрсетіп қойды. Нөмірі кенеттен әлем жұртшылығына жария болған 40 жастағы азамат күніне кемінде 4000 қоңырау шалатынын айтып, мұңын шақты деп жазады South China Morning Post.

Netflix-тің "Игра в кальмара" телехикаясы жарыққа шыққалы бері Оңтүстік Кореядағы Кенгидо провинциясының 40 жастағы тұрғыны күн сайын 4000 қоңырау, SMS хабарлама мен фотолар қабылдауға мәжбүр. Себебі, телехикая абайсызда азаматтың телефон нөмірін өз көрермендеріне көрсетіп қойған.

Ер адамның айтуынша, ол бұл жайттан мүлде бейхабар болып, кенеттен орынсыз қоңыраулар көбейгенін жай ғана спам деп ойлаған. Десе де қоңырау шалушылар легі толастамай қойғасын ол тұтқаны көтеріп, көрермендердің бірінен өз нөмірі танымал телехикаяда жария болғанын естиді.

Қоңырау шалатындардың дені балалар немесе жастар екенін айтқан азамат әсіресе таңғы уақытта телефонына тыным жоқтығына шағымданды.

"Әйелімнің де мазасы қашты, себебі, оның нөмірінің менікінен тек соңғы саны өзгеше. Мен тіпті ұйықтататын дәрі қабылдайтын болдым, күйзелістен ұйқым қашты", - деп күйінді нөмір иесі.

Бұл жағдайға Оңтүстік Кореяның Ұлттық революциялық партиясының басшысы мен президенттікке кандидаттардың бірі Хео Кенг-янг қызығушылық танытты. Ол Facebook-те жазба жариялап, ер адамның телефон нөмірін 100 миллион вонға - шамамен 85 мың долларға сатып алғысы келетінін мәлімдеді.

South China Morning Post хабарлағандай, Netflix бұл мәселені шешуге тырысуда және ол адаммен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда, ол 10 жыл бойы меншігінде болған және жұмысы үшін ауадай қажет телефон нөмірін өзгертуден бас тартып отыр.

Айта кетерлігі, оңтүстіккореялық "Игра в кальмара" телехикаясы 17 қыркүйекте Netflix-те жария болып, көп ұзамай бүкіләлемдік рейтинг бойынша ең көп қаралған шоулардың ондығына кірді және аталмыш платформада осындай нәтижеге қол жеткізген алғашқы кореялық жоба болып отыр.

Сериалдың сюжеті бойынша 456 адам ақшалай сыйлық үшін алты балалар ойынында өзара бәсекелеседі. Ұтылғандар ойыннан шығарылып, артынша өлтіріледі.