20 қыркүйекте депутат Бекболат Тілеуханның, Өскемен әкімі Жақсылық Омардың, сондай-ақ өзге де эстрада жұлдыздарының ауқымды тойда болғанын дәлелдейтін фотосуреттері әлеуметтік желілерде таралып кетті. Салтанатты шара Ақмола облысындағы "Балқарағай" демалыс аймағында өткен, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.
Айта кетсек, еліміздің бас санитарлық дәрігері тек 27 қыркүйектен бастап той-томалаққа рұқсат беру туралы қаулыға қол қойған болатын.
Алайда, барлық аталған жоғары лауазымды тұлғалар жазадан құтылып кетті. Жағдайға байланысты денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова пікір білдірді.
"Карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту алгоритмі бар. Осы алгоритмге сәйкес, мониторингтік топ карантин шаралары бұзылған жағдайларды тіркеуі тиіс. Бұдан соң әкімшілік жауапкершілік кодексінде көзделгендей құжат жүзінде ресімдеуі керек. Осыдан кейін материалдар тұлғалардың жауапкершілікке тартылуы үшін санэпидемиологиялық қызметке берілуі тиіс.
Бұл факті бойынша бізге ешқандай материалдар түскен жоқ. Мәселе бойынша мониторингтік топтарға, полицияға, осы мекеменің иесіне жүгіндік. Олар бұл іс-шараның өткізілмегенін жазбаша түрде жеткізді. Сол себепті жауапкершілікке тартуға негіз жоқ", – деді ол.
Журналистер аталған мәселені нақтылау үшін “сонда әлеуметтік желілерде таралған фотосуреттердің бәрі жалған болғаны ма?” деген сұрақ қойды.
"Өкінішке орай, қолданыстағы заңнама бізге БАҚ-тан келіп түсетін материалдармен жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермейді. Тексеру жүргізу тәртібі мен жауапкершілікке тарту тәртібі бар", - деп жауап берді Есмағамбетова.