Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада коронавирустың қандай штаммдары таралғаны жайлы айтып берді. Сонымен қатар, ол мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал бойынша болжам қашан жарияланатынын сөз етті, деп хабарлайды Stan.kz.
“Қазір күн суытып жатқандықтан ЖРВИ ауруларының өршуі басталады. Бүгінде біз коронавирустың штаммдарын жіті бақылаудамыз. Департамент тарапынан біз басқа елдерде таралып жатқан штаммдарды анықтай аламыз. Мәселен, осы уақытқа дейін маусым айында мамандар “дельта” штаммын анықтады. Зерттеу нәтижесінде коронавирустың бір сынамасынан “Нью-Йорк”, екі сынамадан “Оңтүстүстік-африкалық” штаммын таптық. Ал қалған 78%-ы “дельта” штаммы болып шықты. Көктемде індет өрши түсуіне “альфа” штаммы әсер етсе, коронавирустың төртінші толқынының басталуына “дельта” штаммы негіз болды. Қазірде науқастардың көп бөлігі осы “дельта” штаммын жұқтыруда. Бұл вирустың мутацияланған түрі басқаларын ығыстырды. Яғни, қаладағы науқастардың 95%-ы осы “дельта” штаммымен ауыруда”, – дейді Бекшин.
Сондай-ақ, ол қараша айына эпидемиологиялық болжам қашан жарияланатынын айтты.
“Бүгінде жаңа зерттеулер жүргізілуде. Ауруханалардағы жағдайды бақылап, сараптап отырмыз. Алдағы уақытқа деген болжам осы аптаның соңына қарай дайын болатын зерттеу нәтижелеріне негізделеді”, – деп қосты Алматының бас санитар дәрігері.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда коронавирусты жұқтыру жағдайы 74%-ға төмендегені айтылған еді.