Алматы қаласының Бостандық аудандық соты осы жылдың көктемінде BI Group объектісінде жұмысшы әйелді екі сағат бойы ұрып-соғып, зорлаған бригадирге қатысты үкім шығарды. Ол бес жылын темір тордың ар жағында орташа қауіпсіз колонияда өткізеді, деп хабарлайды Stan.kz.
"Жәбірленуші мен заңгердің сот шешіміне қанағаттанбайтынын және апелляциялық сотқа арыз беретінін айта кетуіміз керек", - делінген жазбада.
Айыптаушы мен прокурор сотталушыға жеті жыл сұраған, бірақ сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді.
Бүкіл қазақстандықтарды дүрліктірген оқиғаны тағы естеріңізге сала кетейік. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жәбірленуші BI Group қосалқы мердігері ЖК Миленбаевта жұмыс істеген және лифт операторы мен үй қызметшісі қызметін қоса атқарған. Ол сонымен қатар бояуды таратуға да жауапты болған. Бояу үшін әрқашан басқа қосалқы мердігерден бояушылар бригадирі келіп тұрған. Осы бригадир жәбірленушінің сөзінше, бұрыннан тиісе бастаған бірақ әйел өзінің жігіті бар екенін айтып артық әңгімеден қашып жүрген.
"НеМолчиKZ" қоғамдық қоры мәліметінше ол бір күні әйелді киім ауыстыру бөлмесіне алдап кіргізіп алған.
"Әйел шығар есікке беттеп бара жатқан сәтте ол артынан құшақтап мойнынан қылқындырып, бөлмеде тұрған кереуетке құлатқан. Әйел басынан қатты соққы алады. Оның шаштары шегеге ілініп, бір түйір шашы жұлынып қалады. Ол жылап, тоқтатуын сұрап жалынады. Ал еркек оған айғайлап: "Үніңді өшір, менің басқа амалым жоқ!" - деп басына қатты соққылар жұмсайды. Ер адамның шкафында қанжар тұрады, ол сонымен әйелді қорқытып, ойына алғанын іске асырады", - дейді қор.
Әйел әріптесіне WhatsApp хабарламасын жіберіп, көмек сұрайды. Жұмысшы өз кезегінде қызды құтқару үшін күзетшілер мен полицейлермен бірге келеді.
Күдікті қамауға алынады. Кейін оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жібереді. Әйел осы оқиғадан кейін оған жұмыста қысым көрсетіліп жатқанын, кейін мүлдем жұмыстан шығарып жібергенін айтады.
"НеМолчиKZ" қоғамдық қоры BI Group басшысы Айдын Рахымбаевқа жүгінген. Басшылық хабарламаға жылдам жауап беріп, қылмысты ашуға бар күшін салатынын жеткізген. Осылайша құқық қорғау органдарымен бірге істің барлық мән-жайын анықтау үшін жедел топ құрылды.