Үндістанның Орисса штатындағы Бхубанешвар қаласында жекеменшік ауруханалардың бірі өртеніп, 22 адам қайтыс болды. Тағы 20-дан астам адам түрлі дене жарақаттарымен өзге ауруханаға жеткізілген.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, жалын дүйсенбі күні кешке тұтанған. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына бірінші қабаттағы электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.
Оқиға болған сәтте ғимаратта 500-ден астам емделуші болған екен. Олардың көбі оттан қашып, терезеден секіріп кетіпті. Жарақат алғандардың дені сол науқастар. Өртті сөндіруге барлығы 120 өрт сөндіруші жұмылдырылды.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди өзінрің Твиттердегі парақшасында қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтып, қайғыларымен бөлісті.