Нұр-Сұлтан полициясы бұған дейін астаналықтар мен қала қонақтары SOS дабыл түймесінің көмегімен полициямен шұғыл байланыса алатынын айтқан. Хабар 24 арнасының тілшісі дабылдың шынымен жұмыс істейтінін тексеріп көрді, деп хабарлайды Stan.kz.
Арнайы құрылғы қандай да бір төтенше жағдай кезінде дабыл сигналын жіберуге және полицияны шұғыл шақыруға арналған. Әсіресе қолыңызда ұялы телефон болмағанда немесе ол бұзылып қалғанда мұның көп көмегі тиеді деп айтқан болатын.
"Азаматтар осы құрылғының батырмасын басып, Жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен тез арада байланысуға мүмкіндік алады. Бейнекамераның көмегімен видео түсірілім, ал динамикалар арқылы аудиобайланыс жасалады. Барлық мәлімет автоматты түрде тіркеледі", – деп түсіндірген Нұр-Сұлтан полиция департаментінің бастығы генерал-майор Ержан Сәденов.
Алайда Хабар 24 арнасының журналисті дабыл түймесін басып, полицейлерді көмекке шақырғанымен ешкім жауап қатпады. Бұдан соң олар полиция бөліміне барып сұраған.
“Біз алты дабыл жүйесін орнаттық. Қазір барып, тексеріп көрулеріңізге болады”, – дейді полицейлердің бірі.
- “Біз 20 минут тетікті басып тұрдық. Бірақ жұмыс істемейді”.
“Қазір тексеріп көреміз. Негізі жұмыс істеп тұр”, – дейді полицей.
Қазіргі таңда Есіл өзені жағалауында, базарлар мен сауда үйлерінің маңында, Гете көшесіндегі теміржол вокзалы алаңында дабыл түймелері орнатылған.