$ 448.15  483.46  4.86

Мәдениет министрлігі Әлібек Дінішевтің 70 жылдық мерейтойын 35 миллион теңгеге атап өтпек

Опера әншісінің туған күні шілдеде өтіп кетсе де, «ештен кеш жақсы» деген Мәдениет министрлігі мерейтойды күзге жылжытқан тәрізді.
Фото: azattyg. ruhy
Фото: azattyg. ruhy

8 қазан күні мемлекеттік сатып алу порталында «Опералия» халықаралық фестивалін өткізуге арналған конкурсқа құжат қабылдау аяқталды. Конкурыс 1 қазанда жарияланған. Бір лоттың құнын конкурсты ұйымдастырушы, яғни ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 35 млн 834 мың теңгеге бағалаған.

Бір қарағанда, конкурс «Опералия» халықаралық фестивалін ұйымдастыру үшін жарияланған болып көрінеді. Ұтып алған тарап 2021 жылдың 20 қарашасына дейін қызмет көрсетіп, яғни, фестивальді толық өткізіп үлгеруі керек. Шара міндетті түрде Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тиіс.

Ал, лоттың техникалық сипаттамасын ашып қарасақ, бұл фестиваль Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жылдығын тойлауға арналғаны анық жазылған.

«Фестивальдің мақсаты – КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жылдығы аясында Әлібек Дінішевтің шығармашылық мұрасын насихаттау және елге таныту, сондай-ақ, үздік шетелдік ұжымдармен шығармашылық байланысты нығайту», - деп жазылған конкурстың техникалық сипаттамасында.

Ал, фестиваль үшін 36 млн теңгеге жуық қаражат бөліп отырған Мәдениет министрлігі ықтимал жеңімпазға көп талап қойып отыр. Ең алдымен, жеңімпаз фествальдің сценарийін бүге-шүгесіне дейін тапсырыс берушімен, яғни Мәдениет министрлігімен келісуі керек.

«Қызмет көрсетуші концерттің сценарийін тапсырыс берушімен ақылдасып, оған тапсырыс берушінің барлық тілегін енгізуі керек. Халықаралық фестивальдің сценарийін әзірлеген кезде жеңімпаз Әлібек Дінішевтің, шетелдік және қазақстандық ұжымдардың қатысуымен 16 нөмірден кем емес концерттік бағдарламаның концепциясын дайындау керек», - деп жазылған талапта.

Сондай-ақ, жеңімпаз аумағы 250 шаршы метрден кіші емес, кемі 1200 адам сиятын зал тауып, оған баратын жолды, автотұрақты ыңғайлап қоюға міндеттеледі. Б талаптардың бірі – концерт өтетін жердің сырты да, іші де көздің жауын алатындай әдемі болуы шарт.

Бұдан өзге, Мәдениет министрлігі осы 36 млн теңге аясында концертке қатысатындардың жолақысын, жататын орнын, қаламақысын төлеп беруді де талап етіп отыр. Яғни, халық әртісі қалтасынан бір тиын шығармай Нұр-Сұлтан қаласында жетпіс жылдығын осындай ерекше жағдайда атап өтеді.

Мәдениет министрінің атынан алынатын шоқ гүлдер де, көрермендерді тексеретін «Ашық» қосымшасының QR-коды да осы сома аясында дайындалу керек.

Мемсатып алу және Дінішевтің жетпіс жасы: әншінің өзі неге пікір білдірмеді?

Материал дайындалып жатқанда, Azattyq-ruhy тілшісі Халық әртісі Әлібек Дінішевтің өзіне хабарласып, бұл конкурс туралы хабары бар ма, бұндай лот жарияламас бұрын Мәдениет министрлігі ол кісіні хабардар етті ме деген бірнеше сұрақтың жауабын алуға тырысты. Алайда, Опера әншісінің ұялы телефоны қоңырау қабылдай алмады.

Кейін, бірқатар БАҚ-тағы ақпараттардан Әлібек Дінішев шетелде гастрольдік сапарда жүргенін білдік. Нақтырақ айтсақ, Дінішев Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы мәдени күндеріне қатысып жатыр.

7 қазан күні Әлібек Дінішев Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Алтынбек Қоразбаев, Майра Мұхамедқызы сияқты әріптестерімен бірге Қырғыздың ұлттық филармониясында концерт берді. Қазақстанның Қырғыз еліндегі мәдени күндері кеше аяқталып, ұжым гастрольдік сапардан оралуы тиіс.

Басқа сапары болмаса, Azattyq-ruhy Халық әртісі Әлібек Дінішевтен алғашқы мүмкіндікті қалт жібермей, сұхбат алуға тырысады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары