Бүгін футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы кезекті ойынын елордада Босния және Герцеговинаға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі кездесуде құрамалар жеңіске жету жолын іздеді. Алғашқы минуттарда қазақстандық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды.
Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Уақыт өте келе босниялық құрама алға қарай ұмтыла түсті.
Ойынның 25-минутында босниялық Смаил Превляк есеп ашқан еді. Одан кейін қос құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді.
Екінші кезеңде 66-минутта Смаил Превляк өзінің екінші голын соғып, қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша Қазақстан қарсыласынан 0:2 есебімен жеңілді.
Енді қазақстандық футболшылар 12 қазанда елордада Финляндия құрамасын қабылдайды.
Айта кетсек, бұған дейін екі құрама бір мәрте шеберлік байқасты.
Биыл әлем чемпионаты іріктеу сатысындағы алғашқы ойында құрамалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.