Алматы облысы Сарыөзек ауылында әйел мен оның жаңа туған сәбиі көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz.
Ер адамның әйелі мен баласының қазасы туралы айтқан видеосы әлеуметтік желіде таралған. Ол жазбада 1-ші қазан екіқабат әйелін аудандық перзентханаға әкелгенін, бір аптадан кейін оның белгісіз себептен босану кезінде көз жұмғанын мәлімдейді. Азамат осы дерек бойынша қылмыстық тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 37 жастағы әйел жүктіліктің 41-аптасында Кербұлақ аудандық ауруханасының перзентханасына түскен.
"Ауруханада жүкті әйел қатаң бақылауда болған. 7 қазанда күндіз сағат екіде тұрақты толғағы басталған. Ал 18.40-та ауырсыну, бас айналу және әлсіздік бар екенін айтып шағымданған. Әйелге дереу кесарь тілігі жасалды, сол кезде үш рет жүрек қызметі тоқтаған. Қарқынды терапияға қарамастан, науқастың жүрегі тоқтап, 21.45-те дәрігерлер қайтыс болғанын тіркеді. Кесарь кезінде бала өлі туылды", - деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Кербұлақ ауруханасында тексеру жүргізген.
Алматы облысы полиция департаменті жағдайдың бақылауда екенін, сараптама нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеді. Соған байланысты процессуалдық шешім қабылданады.