9 айда республикалық бюджеттен шығыстарға бөлінген 11 трлн теңгенің 13 млрд теңгесі игерілмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осындай мәлімет келтірді. «Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,8%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,7%-ке атқарылды.
Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу проценті жоғары. Республикалық бюджет бойынша сомасы 11 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Бюджеттің орындалмауы 19 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 6 млрд теңге үнемдеуге жатады. Игерілмегені - 13 млрд теңге», - деген министр әсіресе Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау, Әдiлет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде шығыстарды игеру кестесі кешігіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, игерілмеудің негізгі себептеріне төлем нақты көрсетілген қызметтер мен орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсынуы, сотта мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарын жүргізу сияқты жайттар себеп болған. Қаржы министрі жергілікті бюджеттердің шығыстарына да тоқталды.
«Ағымдағы жылы өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қазанда оларға 1 трлн 525 млрд теңге бөлінген. Оның 99,5%-і игерілді. Атқарылмағаны – 7 млрд теңге, оның ішінде үнемделгені – 3 млрд теңге, игерілмегені - 4 млрд теңге. Әсіресе Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында шығыстарды игеру қарқыны төмен», - деді Ерұлан Жамаубаев. Еске салсақ, т оғыз айда бюджетке 7,9 трлн теңге түсті.