12.10.2021, 22:10

«Қаматып жіберемін»: Шымкентте оқушыны сыныптасының прокурор болған әжесі ұрған

Фото: видеодан скриншот
Оқиға тамыз айында "Жас Дарын-2" ақылы бастауыш мектебінде болған.

Шымкентте ақылы мектептің дайындық сыныбына барып жүрген оқушыны сыныптасының әжесі ұрған. Оқиға тамыз айында болса да полицейлер істі созып жіберген. Таяқ жеген баланың анасының айтуынша, ұлына қол көтерген әжейдің отбасы шенді қызметкерлер екен деп хабарлайды Paryz.kz, Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап. 

Таяқ жеген баланың анасы Жанар Жаппарқұлованың айтуынша, ұлының сыныптасының әкесі полицей, ал анасы түрме бастығының орынбасары. Ал балаға қол көтерген әжей экс-прокурор көрінеді.

Оқиға тамыз айында "Жас Дарын-2" ақылы бастауыш мектебінде болған.

Жанар Жаппарқұлова 17 тамызда полицейлерге шағым түсірген. Алайда тәртіп сақшылары істі сағызша созып жіберіпті.

Шымкент тұрғыны ұлы биыл бірінші сыныпқа баратын болғандықтан айына 40 мың теңге төлеп, перзентін даярлық сыныбына бергенін айтады. Ал оқиғаны кейін біліпті.

Оқиға 13 тамызда, жұма күні болған. Ұлым үйге келіп, ауырды. Беті көгерген. Айтуынша, сыныптасының әжесі ұрған. Анасы да сонда болған. Ол ұлыма "анаңды қаматып жіберемін" деп сес көрсетіпті. Балам "мені қорғай алмадыңыз" деп маған қатты ренжіп, жылады. Енді шок алып тұр ғой... Дүйсенбі мектепке барып, директорына жолықтым. Сыныпта екі бала ренжісіп қалыпты. Сол сәтте ұлымның сыныптасының анасы баласын алып кетуге келген екен. Әжесі де болған. Ұлымды сол кезде ұрып тұр ғой, жәй ұра салмаған, қатты ұрғаны көрініп тұр. Мектеп басшылығына өзімнің де мұғалім екенімді, бала болған соң өзара ұрысып та қалатынын түсінетінімді айттым. Егер ұлымның сыныптасының туыстары келіп кешірім сұраса, ешкімге шағымданбаймын дедім. Ал олар директорға "Біз әулетімізбен органда істейміз" деп айтып, мектепке келмеді. Сонда қарапайым мұғалімнің баласы таяқ жеп жүре беруі керек пе? Қорғансыз баланы қалай ғана ұруға дәті барды? Әже деген мейірімді болуы қажет емес пе? — деді жәбірленуші оқушының анасы.

Жанар Жаппарқұлова баласы психологиялық тұрғыда соққы алғанын, әлі күнге дейін түнде мазасы қашатынын айтты.

Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл оқиға Қаратау аудандық Полиция басқармасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2 бабымен (Ұрып-соғу) тіркелгенін айтты. Іс күні кеше ғана сотқа жолданыпты.