Павлодар облысында қыс түспей жатып көмір тапшылығы байқалады. Баянауыл ауданында көмірге кезекке тұрған көліктердің ұзын-сонар тізбегі пайда болды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Facebook желісінде пайда болған видеодан бірнеше шақырымға созылған көліктердің тізбегін көруге болады. Желі қолданушысы 2 тәуліктен бері көмірге жете алмай тұрғандарын айтады.
Ал жүргізушілер "Майкөбеден шығып жатқан өз көмірімізге өзіміз жете алмай тұрмыз" — деп ашулы. Айтуларынша, бұл жылда қайталанатын көрініс.
Павлодар облысында осыдан бірнеше күн бұрын қалың қар түскенін айта кетейік. Ал көмірдің тоннасы бұл жақта 7500 теңгеден сатылып жатыр.