$ 494.87  520.65  4.91

Министрлік Қарабақ соғысында тиімділігін көрсеткен көлікке неге тапсырыс бермей отыр?

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС бас директоры мемлекеттік тапсырыс болмаса, келер жылы жағдайы қиындайтынын ескертті. Бұдан да ауыр жағдай зауыттағы 250-ге жуық білікті маманнан айырлатынын өкінішпен жеткізді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Кеше «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы 4 жылдық сынақтан сәтті өткен «Барыс 8х8» атты әскери техниканы көпшілікке таныстырды. Орталық Азиядағы MRAP технологиясы бойынша құрастырылған техника Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ соғысында өзінің беріктігін көрсеткен. Әйтсе де еліміздің Қорғаныс министрлігі отандық әскери өндірісті дамытуға немқұрайлы қарап, арнайы тапсырыс бермей отырған көрінеді. 

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС бас директоры Ербол Сәлімовтың айтуынша, әскери техниканың 72%-ын отандық мамандар дайындаған. Сондай-ақ ол әскери көлік еліміздің барлық аймағында сынақтан өткенін тілге тиек етті.

«Жалпы алғанда 25 000 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, 30 мм калибрлі 5 000 снаряд және 7,62 калибрлі 7 000 оқ атты. Машина отандық «Shugyla» платформасының негізіндегі бағдарламалық жасақтаманы қоса алғанда, қазақстандық «Ansar» жауынгерлік модулімен жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, «Барыс 8х8» – озық технологиямен жабдықталған көпмақсатты құрышталған машина.

Аталған техника миналардан, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардан, жол бойындағы қабықсыз қопарылғыштардан мүлтіксіз қорғанысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Минаға қарсы тегіс түбі силуэтті 2.4 метрге дейін азайтуға мүмкіндік береді, сонымен қатар ұрыста қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларға қарсы қосымша артықшылықтар береді», – дейді ол.

Ербол Сәлімов әскери көлікті сынақтан өткізуге Қорғаныс министрлігі 4 жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқанымен, министрліктің әскери өндісті дамытуға аса қызығушылық танытпай отырғанына қынжылыс білдірді.

«Өйткені олар біздің өндірісті екінші деңгейлі өндіріс деп қарайды. Алайда біз ұлттық өндіріс ұйымы болып есептелеміз. Өкінішке қарай, Қорғаныс министрлігі шетелден дайын көлікті сатып ала салуға бейім тұрады. Министрлік бюджеттің ақшасы арқылы тапсырыс беретіндіктен, тексеріс көп болады. Менің ойымша, олар содан да қашуы мүмкін. Шетелден алса бір келісімшарт жетеді, ал бізден алса біраз кедергілерге тап болады. Оның үстіне Ресей мен Қытайдан қысым бар. Министрлік қандай саяси жол таңдайтынын өздері білмейді. Мұның сыры неде? Қазіргі таңда біз Ресейден әскери қару-жарақ пен техниканы көптеп сатып алып жатырмыз. Шын мәнісінде министрлік отандық өндіске қаржы бөлсе, әскери техниканы өзіміз жасар едік.

Мемлекеттің негізгі саясаты әскери өндірісті дамыту болуы керек. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Себебі біздің негізгі тұтынушымыз Қорғаныс министрлігі болып отыр. Осыдан 20 жыл бұрын Түркия тек қана текстил шығаратын мемлекет болатын. Қазіргі таңда Үкіметтің қолдауы арқасында аталған мемлекет әскери сала бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз ететін елге айналды. Бұған дейін тікұшақ шығарып келген мемлекет қазір ұшақ шығаруды көздеп отыр. Ал бүгінгі күнде біздің еліміз осындай потенциалға ие. Кейбір адамдар «қазақтар әскери техника шығара алмайды» дейді. Шын мәнісінде қазақтар бәрін өзі шығара алады», – дейді ол.

Бас директор мемлекеттік тапсырыс болмаса, келер жылы жағдайы қиындайтынын ескертті. Бұдан да ауыр жағдай зауыттағы 250-ге жуық білікті маманнан айырлатынын өкінішпен жеткізді.

Ал компанияның бас инженері Төленді Жұртыбаевтың айтуынша, зауыт айына 120 әскери көлік шығаруға қауқарлы. Алайда ол нақты қолдау болса, 300-ге жуық әскери техника шығаруға болатынын айтады.

«Қазіргі геосаяси жағдайда біздің мемлекетіміз отандық әскери өндірушілерге қолдау көрсетуі керек. Өйткені біз әскери өндірушілердің ішінде Орталық Азияда жұмыс істеп жатқан бірегей ұжымбыз. Негізі «Барыс» секілді әскери техникаларға шетелден сұраныс бар. Бірақ біз Қорғаныс министрлігі тарапынан тапсырыстар күтеміз. Себебі жоғары технологиялы әскери техниканы шығару қыруар қаржыны талап етеді. Біздің зауытымызда 200-ден астам тәжірибелі инженерлер жұмыс істейді.  Оның үстіне зауытта жұмыс істеп жатқан мамандардың 100 пайызы – өзіміздің елдің азаматтары. Олардың ішінде өзіміздің жоғары оқу орындарынан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған азаматтар бар. Егер Үкімет тарапынан қолдау болмаса, осы мамандар басқа салаға ауысып кетуі мүмкін», – дейді ол.

Айтпақшы, «Барыс 8х8» әскери техникасының прототипі Әзербайжан мен Армения арасындағы Қабарақ соғысында сәтті сынақтан өткен. Әзербайжан аталған техниканың 30 данасын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының серіктесінен сатып алған көрінеді. Армяндар қойған минаға түскен әзербайжан әскері осы техниканың арқасында аман қалған екен. Бұл туралы ютуб әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан көруге болады. Міне, осындай нәтижеге ие отандық өндірісті еліміздің Қорғаныс министрлігі неге қолдамай отырғаны түсініксіз.

Дереккөз: nege.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары