Биыл елімізде дизель отынын тұтыну көлемі рекордтық деңгейге жетті. Дизельге бұрын-соңды болмаған сұраныс бар. Тамыз-қыркүйек айларында 520-540 мың тонна дизель отыны пайдаланылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға, ал 2019 жылмен салыстырғанда 37 мың тоннаға артық. Елдің ішкі нарығының тарихында бір айдағы мұндай рекордтық көрсеткіш тіркелмеген. Ал елімізде дизель өндіру көлемі биыл 4,9 млн тоннаны құрады. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Яғни мұнай өңдеу зауыттарымыздағы өндіріс тұрақты түрде өсіп келеді. Соған қарамастан дизель тапшылығы мәселесі күн тәртібінде тұр, деп хабарлайды Skifnews порталы.
Елдегі дизель отынының тапшылығына не себеп?
Біріншіден, көрші елдерге қарағанда Қазақстанда дизель отыны арзан. ҚР Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереевтің айтуынша, Ресеймен салыстырғанда 90 теңгеге, Өзбекстанмен салыстырғанда 77 теңгеге және Қырғызстанмен салыстырғанда 60 теңгеге арзан. Баға айырмашылығына байланысты транзиттік жүк көліктерінің бәрі біздің елдің аумағында жанармай құяды. Яғни транзиттік тасымал ұлғайған. Ірі жанармай құю стансаларының ақпараты бойынша, қалалық стансалар шамамен 70% бензин мен 30% дизель отынын сатады. Ал ұзақ жолдың бойындағы орналасқан стансаларда керісінше дизель көп сатылады. Екіншіден, жол құрысылы маусымы аяқталып, егін жинау науқаны басталды. Өз кезегін де бұл да дизель отынына сұранысты арттырып отыр. Үшіншіден, дизель отыны және басқа да жанар-жағармай түрлерінің бағасы реттелмейді. Бағаны сұраныс пен ұсынысқа сәйкес нарықтың өзі реттейді.
Мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Үкімет отандық тұтынушыларды дизель отынымен қамтамасыз ету үшін бірқатар шараларды қолға алуда. Қазан айында 330 мың тонна көлемінде дизель отынын өндіру жоспарланған. Одан бөлек осы айда Ресейден елге кем дегенде 100 мың тонна дизель отынын әкелу жоспарланып отыр. Осылайша ішкі нарық сұранысы қанағаттандырылмақ. Осы мақсаттар үшін бүгінде мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынған. Ал сәуір айынан бастап дизельді экспорттау тоқтатылып, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен ПетроҚазақстанОйлПродактс (ПКОП) ЖШС-ға 100 мың тонна мұнай және 29 мың тонна дизель отыны жеткізілген. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылған.
Сонымен қатар биыл күзгі егіс жұмыстарына деп диқандарға 440 мың тонна дизель отыны бөлінді.
«Орақ жұмыстарын жүргізу және жем дайындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына 440 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ресурс ұстаушылардың босату бағасы «Павлодар мұнай-химия зауытында» ЖШС мен «ПКОП» ЖШС-да дизельдің тоннасын 189 мың теңгеден немесе литрін 159 теңгеден, ал» Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-да тоннасын 187 мың теңгеден немесе литрін қосымша құн салығын қосқанда 159 теңгеден алуға болады. Жеткізу мен сақтау шығындарын ескере отырып, дизель отынының бағасы өңірге байланысты шамамен литріне 175-180 теңге болады. Бұл жанармай құю стансаларындағы бағадан арзан», - деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереев.
Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша дизельдің литрі 188 теңгені құраған. Ал нарықтағы орташа бағасы 214-330 теңге аралығында. Маусымдық жағдай тұрақталса баға да орнына келеді деп күтілуде.