$ 494.87  520.65  4.91

Соққыға жығылған: Қызылжарда қарттар үйіндегі кейуана ауыр жарақаттан көз жұмды

Марқұмның ағайын-туысы кейуананың қазасына мекеме қызметкерлерін кінәлайды.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Қызылжарда қарттар үйінің 87 жастағы тұрғыны ауыр жарақаттан көз жұмды. Бұл туралы оның жақындары хабарлаған. Марқұмның ағайын-туысы кейуананың қазасына мекеме қызметкерлерін кінәлайды. Ал жауапты тарап бұл оқиғаға қатысты жұмған аузын ашпай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Жамбас сүйегі мен екі қолы сынған, өкпесі қабынған, сондай-ақ, тұла бойы көгерген Александра Панкова ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Қарияның кейпінен төбе шашы тік тұрған ақ халаттылар оның өмірін сақтап қала алмаған. Марқұмның немересі Татьяна Менщикова оны осындай жағдайға  қарттар үйінің қызметкерлері жеткізді дейді.   

«Ауруханаға түрлі дене ісігімен түскен. Дәрігерлер оның арқасында үлкен тесік болғанын айтады. Біз оны қарттар үйіне апарған кезде бір де бір жарақаты болған жоқ. Соншама кімнен, я болмаса неден жәбір көргенін түсіне алар емеспіз», – деді, марқұмның немересі Татьяна Меньщикова.

Марқұмның сіңлісі Клавдия Гришина апасына ай сайын барып, қал-жағдайын біліп отырғанын айтады. Алайда, соңғы рет мекеме қызметкерлері карантин шараларын сылтауратып, оны  жолатпапты.

«Мен әрдайым айдың басында баратынмын. Жеміс-жидекті толтырып, апарып беретінмін. Ал бұл жолы жолыққан кезде мекеме қызметкерлері оның аяғы гипспен оралған, жүре алмайды деп мен кіргізбеді. Мен жылап кете бардым», – дейді марқұмның сіңлісі Клавдия Гришина.

Қоғамдық ұйым 2002 жылы ашылған. Қазір мекемеде 30 қария тұрып жатқан көрінеді. Жауапты орын өкілдері тілшілерге болған  жағдайға қатысты ақпарат беруден бас тартты. Тіпті, марқұмның туыстары да мардымды жауап ала алмай жүр.

Сорақысы сол, қарияларға арналған мұндай күтім орталықтарын ешбір орган қадағаламайтын көрінеді. Жергілікті билік тек мемлекеттік қарттар үйін ғана бақылауға құзырлы.  

Ал ауыр жарақаттардан көз жұмған Александра Панкованың туысқандары қазір сот медициналық экспертизаның қорытындысын күтіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары