21.10.2016, 04:33

Алматыда жоғалып кеткен 14 жасар қыз табылды

Екі күн бұрын жоғалып кеткен 14 жастағы Александра Щербакова аман-есен табылды. Бұл туралы оның туысы хабарлады деп жазады Informburo.kz.

"Полицейлер оны телефон сигналы арқылы тапты. Бірақ, Сашаның ұялы телефоны өшіп тұрған еді. Жоғалған уақытынан бастап оған ешкім хабарласа алған жоқ. Қандай технологиямен тауып алғанын білмейміз", - дейді жоғалған қыздың туыс ағасы Виктор.

Осы уақытқа дейін Александра өзінің құрбысының үйінде болған көрінеді. Тәртіп сақшылары оқушы қыз бен оның жігіті Сергейді полиция бөлімшесіне алып кеткен. Өйткені, қыздың үйінен қашуға осы жігіт көмектескен дейді Сашаның анасы.

Қазір қыздың туыстары Сашаны іздеген барлық ерікті азаматтарға алғыстарын айтуда. Ал, полицейлер болса жеткіншектердің ата-аналарына қайтарылғанын мәлімдеп отыр.

"14 жастағы қыз кеше кешке Алматы облысы Іле ауданында тұратын өзінің құрбысының үйінен табылды. Қазір ол ата-анасына қайтарылған", - дейді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Лейла Әліпбаева.

Естеріңізге салайық, 14 жастағы Александра Щербакова 19 қазан күні таңғы 7-де үйінен шығып, сол күйі оралмаған. Анасы оның жоғалуына Сергей есімді досының қатысы барын айтып, шағымданған болатын. Өйткені, екеуі сол күні үйден бірге шыққан екен.