$ 494.87  520.65  4.91

«Бір жыныстылар үйленіп жатқанда, тоқал алудан шошудың жөні жоқ» — экс-депутат

Экс-депутат өз ұсынысының әріптестер тарапынан қолдауға ие болмағанын айтады.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Амангелді Момышев Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымына Жамбыл облысынан депутат болып сайланған. Ол халық қалаулысы бола жүріп түрлі мәселелерді көтерді. Соның ішінде жұрт арасында кең талқыға түскені екінші әйел алуды заңдастыру жайы болатын. Экс-депутат өз ұсынысының әріптестер тарапынан қолдауға ие болмағанын айтады. Осы орайда Амангелді Аршабайұлымен Express Qazaqstan тілшісі сұхбаттасқан еді.

Express Qazaqstan: Кезіндегі ұсынысыңыз туралы сұрасақ. Қоғам қабылдай бермейтін мұндай ой сізге қалай келді? Оны айтуыңызға не түрткі болды?

Амангелді Момышев: 2010 жылы бірінші желтоқсанда Елбасыны құттықтап, хат жолдадым. Содан кейін бірқатар ұсынысымды да айта кеттім. Ол екінші әйел алуды заң негізінде қолға алу туралы еді. Әрине, менің бұл хатыма жауап берген жоқ. Дегенмен, қарсы болмады деп ойлаймын. Кезінде осыған қатысты Парламентте мәселе көтердім. Алайда әріптестерімнің көбі қолдамады, қарсы болды. Депутат кезімде орындалмай кеткен бір "әттең" дейтін дүние болса, ол осы тақырып. Бізге халық зор сенім артты. Шамамызға қарай мүмкіндігінше соны ақтай алдық деп санаймын.

Express Qazaqstan: Бұл мәселені неліктен көтердіңіз?

Амангелді Момышев: Сол кездегі статистика бойынша елімізде тұрмысқа шықпаған қыздар саны көп болды. Қыздардың тұрмысқа шығуына менің ұсынысым септігін тигізер еді деген ойдан туған дүние ғой. Бірақ әріптестерім "Қойыңыз, Әужеке!" деп жүріп, күн тәртібінен алдырып тастады. Мәжіліс спикері болған марқұм Орал Мұхамеджановтың өзі қолдап, айта беріңіз деп еді. Бірақ әріптес депутат Бақыт Сыздықова бұл мәселеге басқа қырынан келді. "Еркектерге екі әйел алуға рұқсат берсек, онда әйелдер де екі күйеуге тисін" дегенді алға тартты. "Қыз өсіріп отырмыз" дегендер де болды.

Express Qazaqstan: Қазіргі жаһандану заманында тоқал алудың қаншалықты пайдасы бар? Тіпті, қыз-келіншектер тұрмысқа шықпай-ақ бала туатын жағдайлар кездесіп жатады...

Амангелді Момышев: Әрине, әркім не істесе де өз еркі. Мен бұл ұсынысты айтқанда бәрі жаппай екінші әйел алсын дегенім жоқ. Алғысы келетіндерге заң бойынша рұқсат берейік дегенді ғана айттым. Одан ешкім зиян шекпес еді. Мысалы, көрші өзбек халқының саны біршама артты.

Салыстырмалы түрде біздің халқымыздың саны өте аз. Сондықтан қазақтың санын көбейтуде оның пайдасы болмаса, кері әсері болмайды... Оның қасында бір жыныстылар үйленіп жатқанда, тоқал алудан шошудың жөні жоқ. Жаһандану заманында қазір адамның ойына келмейтін дүниелер болып жатыр ғой. Ол біздің елге ешқандай абырой әпермейді. Демографияны реттеу үшін рұқсат берсек, несі айып?!

Express Qazaqstan: Кезіндегі саясатта қатар жүрген әріптестеріңіздің арасында тоқал алғандар көп пе еді?

Амангелді Момышев: Ой, оның несін жасырамыз. Бар еді, әлі де аз емес. Айырмашылығы, заң жүзінде тіркелмеген. Оны барынша жасырып бағады. Тек жақындары, маңайында жүргендер ғана білуі мүмкін. 

Express Qazaqstan: Сіз депутат болған кезде қандай мәселелер көтерілмеді?

Амангелді Момышев: Көп дүниелер айтылды. Айтылмағандары уақытпен бірге шешімін тауып келеді. Жалпы, мәселе деген уақытпен бірге туындай береді. Біз депутат болған жылдары бойдақтарға салық салу туралы да айтылды. Бұл ұсыныс естіген құлаққа тым қораш болғанымен, екінші жағынан жаны бар ұсыныс еді. Алайда ол мақұлданбағандықтан аяқсыз қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары