Pfizer вакцинасы елімізге бір-екі айдың ішінде келуі тиіс. 15 қазан күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай мәлімдеме жасады, деп жазады Орда.кз.
Қазақстан қазір Pfizer екпесін сақтау үшін арнайы тоңазытқыштарды дайындап жатыр. Себебі бұл вакцинаны -80 градус болатын арнайы тоңазытқышта сақталуы тиіс. Pfizer екпесі алдымен 12 жастан асқан балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерге салынады.
— Бұл – максимум бір айдың мәселесі. Қазір тоңазытқыштар қойылып жатыр. Көп аймақтарда жұмыс аяқталып қалды. Қазақстан бойынша -80 градуста сақтау жағы шешілген соң, вакцина жеткізіледі. Pfizer екпесінің логистикасы күрделі. Сол себепті қалаларда бірнеше орын бекітілмек. Нақты қай вакциналау пунктінде оны салғызуға болатынын қосымша хабарлаймыз, – деді министр.
Сонымен қатар министр 2022 жылдан бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы шетелдік екпелер ақылы болатын да айтты.
— Қазақстанда да вакцина шығарылып жатыр (QazVac, Спутник V – ред.). Әрі бұл екпелердің клиникалық тиімділігі дәлелденген. Бұл вакциналар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынады. Ал қалған екпелер, тұмауға қарсы вакцина сияқты коммерциялық айналымға шығады. Қазір компанияларды Қазақстан нарығында екпелерін сатуға үгіттеп жатырмыз, – деді Цой.
6 қазан күні денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы Pfizer екпесінің 4 миллион дозасын елге жеткізу бойынша келісім жасалғанын хабарлаған болатын. Германиялық ғалымдар ойлап тауып, АҚШ-та шығатын бұл екпенің тиімділігі 95 пайыздан асады. Pfizer – ДДСҰ мен Еуропа алғаш мойындаған екпенің бірі.
15 қазандағы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алғандар саны 7 миллионнан асқан. Бұл халықтың – 37 пайызы. Министрлік жыл соңына дейін 11 миллионнан аса адамға екпе салуды жоспарлап отыр. 20 қарашадан кейін елімізде ревакцинация науқаны басталады.