Биыл жыл басынан бері Оңтүстңк Қазақстан облысының полицейлері мал ұрлығына қатысы бар 20-дан астам қылмыстық топтың жолын кескен. Барлығы 70-тен аса күдікті ұсталыпты. Олар барлығы 150 мал ұрлығын жасаған деп хабарлайды ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, барымташылар әдетте жайылымда қараусыз жүрген жылқылар мен ірі қараны айдап алып кетеді екен. Тіпті, жайылып жүрген жерінен сойып алатындары да бар дейді полицейлер.
Мәселен Түлкібас ауданының құқық қорғаушылары құрамы 5 адамнан тұратын қылмыстық топты қолға түсірген. Олар барлығы 18 рет мал ұрлығын ұйымдастырыпты. Солардың бірінде ұрылар жалпы құны 1 миллион теңгеге бағаланған 4 бас жылқыны қолды қылған. Кейінірек дәл осы топ Төлеби ауданында жайылымда жүрген 7 бас малды айдап әкеткені де анықталды.
Полицейлер күдіктілерді ұстағанна кейін айғақты зат ретінде ұрланған 50 бас малды тәркілеген. Қазіргі таңда ұсталғандар қамауда. ҚР ҚК 188-бабымен «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалған, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Дәл осындай 5 адамнан құралған қылмыстық топ Сарыағаш тұрғындарын да сан соқтырып келген. Олар 15 отбасының малын айдап әкетіпті. Ұрланған төрт түлікті барымташылар сатып жіберген. Қораларынан тек 5 бас ғана мал табылып тәркіленіп алынды.
«Бақылаусыз жүрген төрт түлік мал ұрлықшылар үшін оңай олжа болып отыр. Мал иелері көбінде өз мүлкін сақтауға салғырттықпен қарайды», - дейді тәртіп сақшылары.
Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері мал иелеріне жайылымға кеткен малдарын бақылаусыз қалдырмауын сұрайды. Жоғалу немесе ұрлану жайты орын алғанда дер кезінде полицияға арызбен келуі немесе «102» телефонына хабарласқаны абзал.