Танымал кәсіпкер, меценат Болат Әбіловтің әйелі Айгүл Әбілова дүниеден озды. Facebook әлеуметтік желісінде пайда болған бұл ақпаратты Әбіловтер отбасының жақын таныстары растап отыр деп жазады Tengrinews.kz.
Кәсіпкердің Facebook-парақшасына танымал қоғам қайраткерлері және белсенділер Ермұрат Бәпи, Әміржан Қосанов, Назира Дәрімбет, Сергей Погосян және өзге азаматтар көңіл айту хатын жолдауда.
Кейбір қолданушылар Болат Әбіловтің әйелі ұзақ мерзімге созылған сырқаттан қаза болғанын айтып жатыр.
"Құрметті Болат! Дәл осынау қаралы күні сені ешкім жұбата алмайтынын білемін. Сен өзіңнің екінші жартыңнан айрылып отырсың. Өзіңе бекем бол. Сені әділетті адам ретінде танитындар, Айгүлді сенің сүйікті жарың ретінде танитындар бүгін сенімен бірге", - деп жазды Әміржан Қосанов Болат Әбіловтің Фэйсбук-парақшасына.