$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік тұғыры

Кеңес Одағы ыдыраған тұста біздің елде үлкен азаматтық жанжалдар болады деп болжанған еді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның 30 жылдық Тәуелсіздігінің бір жетістігі – ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау тәжірибесі. Қазір әлем қауымдастығы біздің елдің этносаралық саясатын жоғары бағалайды, деп хабарлайды Skifnews.

ХХ ғасырдағы көші-қоннан кейін Қазақстан көп ұлтты республикаға айналған еді. Сол себепті де Кеңес Одағы ыдыраған тұста біздің елде үлкен азаматтық жанжалдар болады деп болжанған-ды. Мәселен белгілі политолог Збигнев Бжезинский Қазақстанды «күл-талқаны шығып, күмәнсіз жарылатын оқ толы бөшкемен» салыстырған. Ол кезеңдерде Югославия, Тәжікстан, Солтүстік және Оңтүстік Кавказда толқулар жүріп жатқан. Сол жылдардағы күрделі экономикалық ахуал да елдегі жағдайды ушықтыра түсті. Мұндай жағдайда татулық пен тыныштықты сақтау қиынның қиыны еді. 

Егемендік алған сәттен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтаралық келісім Тәуелсіздіктің тұғыры екенін түсініп, осы бағытта сауатты саясат жүргізді. 1995 жылдың 1 наурызында ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен жеке консультативтік-кеңес органы құрылды. Бұл органның міндеті – мемлекеттің ұлттық саясатын жүргізу еді. Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. 

«Еліміз үшін ең қиын кезеңдерде Нұрсұлтан Әбішұлы экономиканы кезең-кезеңмен дамытты, қоғамның барлық саласындағы реформаларды батыл жүргізді, халықтың өмір сапасын арттыру үшін бәрін жасады. Бұған көз жеткізу үшін оның жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын саралау жеткілікті. Сол кезеңдерде ол бейбітшілік, тұрақтылық пен этносаралық келісім мәселелері туралы бір сәтке де ұмытқан емес. Ол кезде Қазақстан халқы Ассамблеясының баламасы бізден басқа бірде бір елде жоқ еді. Мен әуелден Ассамблеяның мүшесімін. Барлық сессиясына қатыстым. Бәрі қалай басталғанын білемін. Көп адам бұл идеяға сенбеді. Тек символикалық құрылым болады деді бәрі. Ашық қарсы шыққандар да болды. Бірақ Тұңғыш Президент бекер еместігін дәлелдеді. Міне, күні бүгінге дейін Ассамблея өзінің өмірге қабілетті екенін, қоғамға қажет институт екенін дәлелдеп келеді. Ұлтаралық қатынасты тұрақтандыру саласында үлкен рөл атқаруда. Оның көптеген шешімдері қабылданып жатқан заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерден көрініс тауып жүр. Барлық ұлт өкілдерінің Ассамблея сессиясында жиналып, танысып, пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылап, нақты ұсыныстар беруге теңдей мүмкіндігі де, құқығы да бар» -дейді ҚХА мүшесі, Президент сыйлығының лауреаты Атсалам Идигов.

Ал ҚХА рөлі туралы мемлекет қайраткері, Қазақстандағы неміс бірлестігінің қамқоршылық кеңесінің басшысы Альберт Рау:

«Қазақстан немістерінің «Возрождение» қоғамы өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында құрылды. Оның мақсаты – тарихи әділдікті орнату, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау болатын. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алып, неміс халқының басым бөлігі Германияға көшіп кеткеннен кейін, біздің негізгі қызметіміз – неміс тілі мен неміс мәдениетін сақтап қалу болды. 1995 жылы ҚХА құрылғанда біз басқа ұлттармен бірге бір шаңырақ астына біріктік. Түрлі этностармен бірлесіп проблемаларды шешуге, тәжірибе алмасуға, достық пен бейбітшілікті нығайтуға кірістік. Қазіргі уақытта біз Елбасының Қазақстан экономикасына Германиядан инвестиция тарту туралы тапсырмасын орындап жүрміз. Соңғы кездері Германияда білім алған жастардың елге оралып, бар білімі мен тәжірибесін Қазақстанның өркендеуіне салып жүргенін байқап жүрміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалардағы  жағдайларды көре отырып, Қазақстанды сондай қиын жағдайға жеткізбеудің жолын қарастырды. Соған күш салды. Қазір ғаламтордан шетелдік сарапшылардың «Қазақстанның сол бір қиын кезеңдерден қалай сауатты шыға білгені» туралы жазған еңбектері жетерлік»-дейді. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары