EXPO-2017 Халықаралық көрмесінің өткеніне биыл күзде 4 жыл болады. Дегенмен, көрмеден қалған ғимаратты күтіп ұстау бюджеттің мойнында қалған. Мәселен, биыл депутат Бақытжан Ертаев 262 мың шаршы метр аумақты алып жатқан EXPO-2017 кешенін күтіп ұстау үшін 2020 жылы «QazExpoCongress» АҚ 6,7 млрд теңге жұмсағанын айтып, мәселе көтерген еді.
Бұл компания тікелей Сауда және интеграциялар министрлігіне қарайды, сондықтан кешеннің күтіміне кететін миллиардтар осы министрліктің бюджетінен төленеді. Сауда министрі Бақыт Сұлтановтың бұл шығындарға қатысты сол кезде айтқан «сылтауын» сәл кейін еске саламыз. Қазір, «еден жуып, дала тазалауға» кететін 1 млрд теңгенің талабы қандай, талдап көрейік.
«Объектілердің ішкі жайларында және іргелес аумақтарында жасалатын клининг қызметтер» атты лот бүгін, 2021 жылдың 20 қазанында, таңертең жарияланды. Алдын ала талқылау бүгін сағат 15.00-де басталып, жеті күннен кейін, яғни 27-қазан күні осы сағатта аяқталады.
Тендер Қазақстанның мемлекеттік сатып алу сайтында емес, Еуразиялық электрондық порталда жарияланған. Жалпы, ұлттық компаниялардың сатып алу конкурстары көбіне осы порталда жарияланады.
Осы бір қызмет құны 988 659 821,00 теңгеге бағаланған. Жеңімпаз шартқа қол қойған күннен бастап 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін қызмет көрсетеді. Лоттың техникалық сипаттамасын, мәселен қандай ғимарат күніне неше рет тазаланады, көрме кешенінің аумағы қалай тазаланады деген фактілер туралы ақпарат білу мүмкін емес, себебі ол мәліметті порталға тіркелген азаматтар ғана көре алады.
Ал, бұл порталға тек заңды тұлға немесе жеке кәсіпкердің электронды қолтаңбасы арқылы ғана тіркелу керек.
Журналистер үшін мәлімет жабық болғандықтан, біз компанияның баспасөз қызметіне телефон шалдық.
Баспасөз хатшы көрме аумағында 20-22 қазан күндері өтіп жатқан «KazAgro-2021» XІ халықаралық аграрлық көрмеде жүргенін айтты (бұл көрме ресейлік Ростельмаш компаниялар тобының қаржыландыруымен өтіп жатыр – авт.). Тендерге қатысты бірнеше сұрағымыз бар екенін айтқан соң, баспасөз хатшы компанияның ресми электронды поштасына ресми хат жолдау керек екенін түсіндірді.
Телефон арқылы өткен әңгімеде баспасөз хатшысы компания толығымен Сауда және интеграциялар министрлігінің қарамағында екенін және министр Бақыт Сұлтанов «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы екенін растады. Айта кетейік, елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына тосқауыл қоюға міндетті бірден бір орган – осы Сұлтанов басқарып отырған Сауда және интеграциялар министрлігі.
Материал басында жазғанымыздай, Бақыт Сұлтанов EXPO-2017 кешені өз шығынын толықтай өзі өтейтін деңгейге тек үш жылдан кейін, 2024 жылдан бастап ауысатынын хабарлаған. Бірақ, бұған дейін Сұлтанов көрме кешені 2020 жылдан бастап өз өзін ақтай бастайды деген де мәлімдемелер жасаған болатын.
Егер Сұлтановтың соңғы болжамы дәл келген күннің өзінде, 2024 жылға дейін орташа есеппен көрме кешенін тек тазалау үшін 1 млрд теңге қаражат бөлінсе, тек ғимараттардың тазалаға мемлекеттік бюджетке 4 млрд теңгеден астам салмақ салады деген сөз.