$ 494.87  520.65  4.91

«Президент бүгінгі жиында ұлт татулығына деген ерекше көзқарасын байқатты» - Қалқаман Хасенұлы

Президенттің жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру, ұлт тарихымен таныстыру үшін ТикТок, Инстаграм сынды әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану туралы айтқаны өте орынды.

Бүгін Елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері этносаралық келісімді нығайту жөніндегі маңызды мәселелер мен ассамблея алдында тұрған жаңа міндеттерді талқылады. Ал мемлекет басшысы Қасым Жомарт-Тоқаев елдің көкейінде жүрген көптеген мәселені көтерді. Президенттің Кеңес отырысында айтқан ұсыныстары жұртшылық тарапынан жақсы қолдауға ие болып жатыр. Мәселен Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Қалқаман Хасенұлының айтуынша, Президенттің жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру, ұлт тарихымен таныстыру үшін ТикТок, Инстаграм сынды әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану туралы айтқаны өте орынды. 

Шынында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен іс атқарды. Соның арқасында елімізде күні бүгін бейбіт заман орнап тұр. Енді ҚХА жаңа уақытта, жаңа дәуірде жоғары деңгейде көрінуі тиіс. Бұл қоғамның қазіргі объективті сұранысы. Ассамблеяның негізгі құжатында қазақ халқының топтастырушы рөлі айқын көрсетілген. Түрлі тарихи оқиғаларға байланысты көп ұлтты мемлекетке айналған елімізде этносаралық түсіністік, татулық, нарықтық бәсекелестік, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, басқа да мәселелерде қазақ халқы топтастырушы рөлді атқаруы тиіс. Өкінішке қарай осы функция кемшін түсіп жатыр. Бұны да бір қарап, мәселені шешудің тиімді әдістерін тапса деген ұсыныс бар. Одан кейінгі мәселе азаматтық қоғам институтын қолдау. Бірақ сол институттар қандай мәселемен айналысса да мемлекеттік тілді қолдануды міндеттеу қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген көзқарасын қолдаймын. Төл тарихымызды насихаттауда ТикТок пен Инстаграм сынды әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану өте орынды. Бұл бүгінгі заманның талабы. Және тарихты жас ерекшеліктеріне қарай жазу керек. Оның бәрі мемлекеттік тілде және орыс тілінде берілуі керек. Патриот жастар форумын мемлекеттік деңгейде неге өткізбеске? Патриоттар министрлігін неге құрмасқа?  

Одан кейін этностардың әлеуметтік, мәдени оқшаулануына қарсы шаралар әзірлеу туралы айтқаны да өте дұрыс. Онымен толықтай келісем. Осы арада мынадай ой келіп отыр. Кезінде «Қазақтану» деген ғылыми-ағартушылық жоба басталған еді. Өкінішке қарай сол жалғасын таппады. Соны қайтадан қолға алса жақсы болар еді. Тағы бір айта кететін жайт, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған шараларға басқа этнос өкілдері, әсіресе жастары, оқушылары мен студенттері қатыспайды, араласпайды. Оқу орындарында да айтарлықтай шаралар өткізіліп жатқан жоқ. Осы мәселені де ескеру керек. Ал Президенттің көп тілділік туралы айтып отырғаны дұрыс. Бірақ балалар балабақша мен бастауыш мектепте мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шықса дейміз.  Шет тілін үйренуге одан кейін де кеш болмайды – дейді Қалқаман Хасенұлы. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары