$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ спортын әлемге танытқан өзге ұлт өкілдері

Геннадий Головкин, Илья Илин, Александр Винокуров, Денис Тендердің бәсі бөлек.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақ жерінде өсіп-өніп, Қазақстанның атын айдай әлемге шығарып жүрген өзге ұлттың өрендері жеткілікті. Бірі мәдениет пен өнер, бірі білім мен ғылым саласында жүрсе, ең көбі спорт саласында, деп жазады Skifnews.

Атап айтар болсақ Геннадий Головкин, Илья Илин, Александр Винокуров, Денис Тендердің бәсі бөлек. Бұл спортшылар үлкен спортқа қалай келді? Материалымыздан оқи отырыңыздар.

Талантты спортшы Илья Ильин 1988 жылы 24 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Спорт әлеміне де осы қалада аяқ басады. Оны спортқа әуесқой спортшы болған әкесі баулиды. Бастапқыда Илья үлкен ағасы Алексейге еріп, спортзалға көрермен ретінде барып жүрген. Себебі кішкентай Ильяны үйде қалдырып кететін адам болмаған. Алты жасқа толғанда бала Илья зілтемірге құмартады. Төрт жылдан кейін жергілікті және облыстық жарыстарда аты шыға бастайды. 13 жасында Қазақстан чемпионатының арнайы жүлдесін жеңіп алады. Араға тағы төрт жыл салып Қазақстан чемпионы атанады. Кейін үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтын медаль иегері болды. 

Қазақстанның атын айдай әлемге танытқан тағы бір саңлағымыз Геннадий Головкин. Ол 1982 жылдың 8 сәуірінде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Анасы – кәріс, әкесі – орыс. Бірақ Гена өзін қазақ санайды. Әкесі кенші, анасы лаборант болып жұмыс істеген. Геннадий төрт ағайынды. Үлкен екі ағасы әскерде жүріп көз жұмған. Жас Генаның спортқа келуіне осы оқиға себеп болса керек. Боксқа 8 жасында келген ол 11 жасында жақсы нәтижелер көрсете бастайды. Сол жасында өзінен бірнеше жас үлкен балаларды жеңіп көзге түседі. 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 2003 жылы әуесқойлар категориясында әлем чемпионы атанған. Кәсібилер арасында IBF және IBO нұсқалары бойынша екі дүркін әлем чемпионы.

Александр Винокуров — Қазақстан велоспортының символы. Ауылдан шығып, Олимпиада шыңын бағындырған спортшы. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері 1973 жылы 16 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Бірінші сыныпқа барғанда оған алғашқы велосипедті әкесі сыйлаған. Оқып жүрген мектебіне жаттықтырушы Сергей Кручина келіп, велоспорт секциясына балаларды іріктей бастайды. Сол кезде үш балаға бір спорттық велосипедтен тиеді. Бірақ оның өзі сол кездер үшін үлкен олжа еді. Велошабандоздың спорттағы жолы осылай басталған. Ата-анасы бастапқыда Александрдың талабын қолдағанымен, алғашқы жарақаттардан кейін анасы бұл спорттан бас тартуға үгіттей бастайды. Бірақ бала Александр сүйікті спортын тастамайды. Табандылығының арқасында алғашқы жетістіктерін де көрсете бастайды. Мектеп бітіргеннен кейін дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. Осылайша ол 2012 жылы Олимпиада жүлдегері атанды. 

Қазақ спортының жарық жұлдыздарының бірі аққан жұлдыздай жарқ етіп, небәрі 25 жасында көз жұмған Денис Тен еді. Ол 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Ұлты – кәріс. Корей империясының Жапониядан азаттық алар тұсында әскер генералы болған танымал Мин Гын Хоның ұрпағы. Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы. Мұз айдынында бильман деген қиын элементті ерлер арасында өте шебер орындай алатын санаулы спортшының қатарына кіреді. Әкесі Юрий Тен – инженер. Анасы Оксана – кәсіби музыкант. 2011 жылы Қазақстанда өткен VІІ қысқы Азия ойындарында алтын жүлдені иеленді.  2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы екінші Олимпиадасына қатысып, қола жүлдені еншіледі. 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары