$ 494.87  520.65  4.91

ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысының жұмысына шолу

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының сан алуан этностан құралғанын маңдайға жазылған бақыт деп бағалады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Кеше Елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты. Бұл жиында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселелерді көтерді, деп жазады Skifnews порталы. 

Атап айтар болсақ:
-    ҚХА қызметін одан әрі дамыту;
-    этносаралық қатынастар саласындағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру;
-    бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін азаматтық қоғам институттарын жан-жақты қолдау;
-    қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу;
-     этникалық мәселелер жөнінде оң пікір қалыптастыратын сапалы әрі креативті және тиімді ақпараттық жұмыс жүргізу;
-    қоғамдық келісім мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көбейту;
-    этносаралық қатынас саласындағы өңірлік құрылымдарды мамандармен қамтамасыз етуге баса назар аудару;
-    республикалық Аналар кеңесін құру. 

Бұдан бөлек Президент  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне интеграция, жалпы ұлттық бірлік, этносаралық қатынастарды үйлестірудің өзекті тақырыбы бойынша пайдалы зерттеулер жүргізуді, Білім және ғылым министрлігіне бүкіл әлемдегі көптілділік тәжірибесін тыңғылықты зерделеуді және оны біздің ұлттық топырағымызға сіңіруді, Түркістан облысының әкіміне  Түркістан облысында Достық үйін салуды, ал ҚХА-ға «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблеяның республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастыруды және достық үйлерін мәжіліс пен салтанатты жиындарды өткізетін залдарға айналдырмай, ҚХА-ның ресурстық орталықтары мен жобалық кеңселеріне айналдыруды тапсырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керектігін, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұрақтылықты заңға сәйкес қамтамасыз ету керектігін баса айтты. Президент жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу екенін атап өтті. Сонымен қатар мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген аймақтық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударып, этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталды. Одан бөлек ел тарихы бойынша TikTok жоба құру туралы ұсынысқа қолдау білдірді. 

Ассамблея отырысында Президент көтерген мәселелер қызу талқыға түсіп, қоғам тарапынан қолдау тапты. Қоғам белсенділері Мемлекет басшысы тілге тиек еткен мәселелердің еліміз үшін аса маңызды екенін айтуда. 

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Қалқаман Хасенұлы: 

Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың жастарға деген көзқарасын қолдаймын. Төл тарихымызды насихаттауда ТикТок пен Инстаграм сынды әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану өте орынды. Бұл бүгінгі заманның талабы. Және тарихты жас ерекшеліктеріне қарай жазу керек. Оның бәрі мемлекеттік тілде және орыс тілінде берілуі керек. Патриот жастар форумын мемлекеттік деңгейде неге өткізбеске? Патриоттар министрлігін неге құрмасқа?  Одан кейін этностардың әлеуметтік, мәдени оқшаулануына қарсы шаралар әзірлеу туралы айтқаны да өте дұрыс. Онымен толықтай келісем. Осы арада мынадай ой келіп отыр. Кезінде «Қазақтану» деген ғылыми-ағартушылық жоба басталған еді. Өкінішке қарай сол жалғасын таппады. Соны қайтадан қолға алса жақсы болар еді. Тағы бір айта кететін жайт, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған шараларға басқа этнос өкілдері, әсіресе жастары, оқушылары мен студенттері қатыспайды, араласпайды. Оқу орындарында да айтарлықтай шаралар өткізіліп жатқан жоқ. Осы мәселені де ескеру керек. Ал Президенттің көп тілділік туралы айтып отырғаны дұрыс. Бірақ балалар балабақша мен бастауыш мектепте мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шықса дейміз.  Шет тілін үйренуге одан кейін де кеш болмайды – дейді. 

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының сан алуан этностан құралғанын маңдайға жазылған бақыт деп бағалады. 

«Қазақстанда саналуан этнос өкілдері тұрады. Бұл – бүкіл әлемге белгілі ақиқат. Шын мәнінде бұл біздің тағдырымызға жазылған бағымыз. Елімізде түрлі мәдениеттер бірге дамып келе жатыр. Соның арқасында әлеуетіміз артып, береке-бірлігіміз нығая түсуде. Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл жүк – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтардың ортақ міндеті. Жалпы ұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін», - деді Президент.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары